Қазақстанда жан басына шаққандағы табысы 350 мың теңгеден асатын кез келген отбасы автоматты түрде ауқатты деп танылмайды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Жүйе жалпы алғанда сегіз негізгі бағыт бойынша 59 көрсеткішті ескереді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі отбасының цифрлық картасы бойынша А санатына – әл-ауқаты жоғары деңгейге жатқызылатын отбасының мысалын келтірді.
Мұндай отбасыда әр адамға шаққандағы табыс жеті ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 350 мың теңгеден асады. Сонымен қатар Еңбекмині мынадай өзге де белгілерді атап өтті:
- бір адамға шаққанда ауданы 120 шартты шаршы метрден асатын бірнеше тұрғын үй нысанының болуы;
- коммерциялық жылжымайтын мүлік;
- өзінің ірі, орта немесе шағын бизнесі;
- люкс немесе премиум класты қымбат автокөліктер.
«Бұл ретте түпкілікті санат отбасы туралы мәліметтердің жиынтығы бойынша айқындалады. Табыс, тұрғын үйдің немесе көліктің болуы бағалау нәтижесін өздігінен шешпейді», – деп атап өтті министрліктегілер.
Әл-ауқат деңгейі қалай бағаланады?
Жүйе сегіз негізгі бағыт бойынша 59 көрсеткішті сараптайды. Олардың қатарында қаржылық жағдай, мүлік, тұрғын үй жағдайы, жұмыспен қамтылу, жер телімінің, жеке қосалқы шаруашылықтың, бизнестің болуы және несиелер, соның ішінде мерзімі өткен берешектер бар.
Бағалау нәтижесі бойынша отбасылар бес санатқа бөлінеді:
- А – әл-ауқаттың жоғары деңгейі;
- B – ауқатты;
- C – қанағаттанарлық;
- D – экономикалық тұрғыдан осал;
- E – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал.
Санат ай сайын қайта есептеледі. Мемлекеттік ақпараттық жүйелерден мәліметтер өзгерісіне қарай автоматты түрде түсіп отырады. Табыстың азаюы, мүлікті сату немесе отбасы құрамының көбеюі жаңа бағалау кезінде ескеріледі, деп нақтылады ведомство өкілдері.
2027 жылдан бастап енгізілетін өзгерістер
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақылардың бір бөлігі отбасының мұқтаждығы ескеріле отырып тағайындалады. Шектеулер А және B санатындағы алушыларға қатысты болады. Бекітілген тізімге, атап айтқанда, бала тууына байланысты, бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша және көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар енгізілді. Алушылардың кейбір топтары үшін ерекшеліктер қарастырылған.
Отбасының әл-ауқатын бағалаудың қолданыстағы әдістемесінде А немесе B санатына автоматты түрде жатқызу үшін табыстың бірыңғай шегі белгіленбеген. Нәтиже барлық өлшемшарттар бойынша жиналған баллдардың жалпы сомасына байланысты. А санаты үшін кемінде 1800 балл, ал B санаты үшін 730-дан 1799 баллға дейін жинау қажет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







