Қазір бұл жоба Шымкент қаласы мен Ақтөбе облысында жұмыс істейді. Ал 13 қазаннан бастап жедел медициналық көмек көрсету қағидаларына енгізілген өзгерістер күшіне енеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа жүйе азаматтардың жедел жәрдемнің келуін күту кезінде диспетчерге қайта-қайта қоңырау шалу қажеттілігін азайтуға бағытталған. Шақырту қабылданғаннан кейін науқастың немесе оның жақындарының телефонына SMS хабарлама жіберіледі. Хабарламада Яндекс картасына сілтеме болады. Сол арқылы медициналық бригаданың қозғалысын бақылауға болады.
Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы басқарма төрағасының орынбасары Асхат Ишанғалиұлының айтуынша, әзірге жүйенің тиімділігі екі өңірде тексеріліп жатыр.
«Бұл бастама алғаш рет енгізіліп отырғандықтан, оны бір қала мен бір облыста сынап жатырмыз. Егер жүйе тиімділігін көрсетіп, жұмысымызға оң әсерін тигізсе, басқа өңірлерге де енгізу мәселесі қаралады. Ол үшін қаржыландыру жағы да шешіліп, тиісті қаражат келесі жылғы бюджетке енгізілуі керек», – деді ол Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында.
Жедел жәрдем шақырту орнына қанша уақытта жетуі керек?
Жедел медициналық көмекке түскен шақыртулар шұғылдық деңгейіне қарай төрт санатқа бөлінеді. Әр санат үшін бригаданың жету уақыты белгіленген:
Бірінші санат – 10 минут;
Екінші санат – 15 минут;
Үшінші санат – 30 минут;
Төртінші санат – 60 минутқа дейін.
Дегенмен жолдағы кептеліс, қолайсыз ауа райы және шақыртулар санының артуы медициналық бригаданың уақытылы жетуіне әсер етуі мүмкін. Әсіресе ірі қалаларда қарбалас уақытта және маусымдық вирустық инфекциялар өршіген кезеңде жүктеме көбейеді.
Асхат Ишанғалиұлының мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын сегіз миллионнан астам қоңырау түседі. Ел бойынша тәулігіне 1 600-ден астам мобильді бригада қызмет көрсетеді. Тұмау өршіген кезде шақыртулар саны екі-үш есе артуы мүмкін. Мұндай жағдайда қосымша бригадалар жұмылдырылады.
Қандай жағдайда арнайы бригада жіберіледі?
Науқастың жағдайы мен өміріне төнген қауіп шақыртудың санатын анықтайды. Егер адамның өміріне тікелей қауіп төніп тұрса, оқиға орнына реанимациялық бригада жіберіледі. Оның құрамында шұғыл медициналық көмек көрсетуге қажетті мамандар мен жабдықтар болады.
Ал жағдайы тұрақты науқастарға келген мамандар алғашқы көмек көрсетіп, әрі қарай емделу тәртібін анықтайды. Қажет болған жағдайда науқасты ауруханаға жеткізу туралы шешім қабылданады. Ауруханаға жатқызуға негіз болмаса, емханада амбулаториялық ем алу ұсынылады.
Жедел жәрдем көліктері қалай жаңартылады?
Қызметтегі өзекті мәселелердің бірі – көлік паркінің тозуы. Жедел жәрдем машиналары тәулік бойы, аптасына жеті күн жұмыс істейтіндіктен, олардың техникалық жағдайы үнемі бақылауды қажет етеді.
Орталық өкілінің айтуынша, жедел жәрдем көліктері шамамен алты жыл пайдаланылғаннан кейін қолданыстан шығарылады. Олардың орнына жаңа машиналар жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен кезең-кезеңімен сатып алынады.
Биылғы тоғыз айда өңірлерге 300-ге жуық жедел жәрдем көлігі жеткізілген. Қажеттілік әр аймақта әртүрлі болғандықтан, жаңа машиналар өңірлерге сұранысына қарай бөлінген. Көлік паркін жаңарту жұмыстары алдағы жылдары да жалғасады.
Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі?
Жедел жәрдем мамандары кейде науқастардың ашулы туыстары тарапынан қысымға, балағат сөздерге және күш көрсету әрекеттеріне тап болады. Асхат Ишанғалиұлы медицина қызметкерлерін қорғау мәселесін күшейту қажеттігін атап өтті.
Оның пікірінше, құқық бұзушылық жасалғаннан кейін кінәлілерді жауапқа тартумен шектелмей, мұндай оқиғалардың алдын алуға басымдық беру керек.
«Жедел жәрдем қызметкерлері құқықтық жағынан жеткілікті қорғалған деп айта алмаймыз. Көбіне оқиға болғаннан кейін ғана сотқа жүгіну мәселесі туындайды. Ал мұндай жағдайлардың алдын алу жолдары мен мамандардың мәртебесін күшейту маңызды. Бұл тек жедел жәрдемге емес, барлық медицина қызметкеріне қатысты мәселе», – деді ол.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







