Украинаның үшінші президенті Виктор Ющенко АҚШ президенті Дональд Трампқа арнайы ашық хат жолдады. Ол басқыншы Ресейге жеңілдік жасаудың жаһандық қаупі туралы мәлімдеді. Мемлекет қайраткері Ақ үй басшысын агрессормен саудаласуды доғаруға және еркін әлемнің қағидаттарын сатып кетпеуге шақырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Украина шындығы және жанармай саудасы
Виктор Ющенко өз үндеуінде еркіндік ұғымы украин халқы үшін жай ғана ұран емес, қазақтар сияқты еркіндікті сүйетін казак бабаларының қанымен келген қасиетті құндылық екенін алға тартты. Ол Трамптың назарын күн сайын ресейлік баллистикалық зымырандар мен ирандық «Шахедтердің» соққысынан қирап жатқан Киев, Харьков, Днепр, Одесса және Запорожье қалаларына аударды.
Экс-президент Украинаның Ресей мұнай өңдеу зауыттарына жасаған шабуылдарын тоқтатуды талап етушілерге де жауап берді. Оның айтуынша, ресейлік отынды сатып алу – кәдімгі коммерция емес, Мәскеудің соғыс машинасына тікелей қаржы құю. Сондықтан Украина басқыншының соғыс жүргізу ресурсын жоюға толық құқылы.
Перл-Харбор сабағы және Будапешт меморандумы
Ющенко АҚШ тарихындағы қателіктерді көлденең тарта отырып, агрессорды сауда-саттықпен сабырға шақыру мүмкін еместігін ескертті. Кезінде Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Вашингтон императорлық Жапониямен белсенді сауда жасасып, соғысты болдырмауға тырысқанымен, оның ақыры 1941 жылғы Перл-Харбор қасіретімен аяқталған еді.
Осы орайда саясаткер Украинаның ядролық қарудан бас тартып, АҚШ-тың кепілдігіне сенген 1994 жылғы Будапешт меморандумын еске салды.
– Украина өз уәдесін орындады. Ресей өз уәдесін бұзды. Егер бір мемлекет халықаралық кепілдіктерге сеніп, әлемдегі ең қуатты ядролық арсеналдан бас тартса, ал кейін сол кепілдік берген мемлекеттің бірі оған баса-көктеп кірсе, оның салдары тек біздің елмен шектелмейді. Бүкіл әлем енді ұлы державалармен жасалған келісімдердің құны қаншалықты екенін көріп отыр. Ядролық қарудан бас тарту елді қауіпсіз ете ме, әлде қорғансыз қалдыра ма деген сұраққа қарап, бүкіл дүние Америкаға көз тігуде, – деп жазды Виктор Ющенко.
Тарихтағы қаруластық пен ортақ күрес
Хатта украин мен американ халықтарының ортақ күресі де назардан тыс қалмады. Екінші дүниежүзілік соғыста Иводзима аралында АҚШ туын тіккен аты аңызға айналған алты теңіз жаяу әскерінің бірі – украиналық сержант Майкл Стрэнк болатын. Ал 1945 жылы Эльбада американ лейтенанты Уильям Робертсонды алғаш құшақтап қарсы алған да черкасстық украин сарбазы Александр Сильвашко еді.
Бұған қоса, украин жауынгерлері Ирак пен Ауғанстанда америкалықтармен бірге қызмет етіп, бүгінде ирандық дрондарға қарсы соғыс тәжірибесін АҚШ армиясымен бөлісіп келеді.
«Тирандармен саудаласпайды – оларды тоқтатады»
Ющенко Трампты Украинаның бейбітшілікке деген ұмтылысын берілуге дайындық ретінде қабылдамауға шақырды. Оның пайымдауынша, жазықсыз құрбан болған балалар үшін агрессордың қылмысын кешіріп, жерді өз еркімен бере салу – келешек ұрпақтың өліміне қол қоюмен бірдей.
– Американың ұлылығы тиранияға иілумен емес, тарихтың шешуші сәттерінде еркіндікті құны қаншалықты ауыр болса да қорғау арқылы қаланды. Бүгінде бүкіл еркін әлем үлкен сынақтың алдында тұр: шекараларды күшпен өзгертуге бола ма, агрессия марапаттала ма, әлде еркін әлем бостандықты таңдағандардың жанынан табыла ма? Тирандармен саудаласпайды – оларды тек тоқтатады. Мен Американың мұны түсінетініне сенемін, – деп түйіндеді Украинаның үшінші президенті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







