Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) 47 оқушысы жедел ішек инфекциясы белгілерімен шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Оқушылардың жаппай сырқаттануына байланысты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі мектептің, интернаттың және асхана блогының жұмысын уақытша тоқтатты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Дәрігерлер бақылауындағы балалар мен ресми мәлімет
Оқушылар екі күн қатарынан қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жедел жәрдеммен жеткізілген. Ауруханаға түскендерден бөлек, тағы сегіз бала интернат ғимаратында оқшауланып, дәрігерлердің жіті бақылауына алынды.
Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы балалардың жағдайына қатысты ресми түсініктеме беріп, тиісті медициналық көмек көрсетіліп жатқанын растады. Ведомство өкілдері сырқаттанған оқушылардың барлығы мамандардың қадағалауында екенін жеткізді.
«2026 жылғы 12–13 қазанда Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына Республикалық физика-математика мектебінің 47 оқушысы жедел ішек инфекциясы белгілерімен жатқызылды. Олардың барлығы дәрігерлердің бақылауында», – делінген басқарма хабарламасында.
Туыстарының жанайқайы: «Неге ешкім үндемейді?»
Төтенше жағдай туралы алғашқы дабылды оқушылардың жақындары Threads әлеуметтік желісінде қақты. Зардап шеккен балалардың бірінің туысы мектеп әкімшілігінің оқиғаны жасырып қалуға тырысқанына наразылық білдіріп, жаппай уланудың негізінен интернатта жатып оқитын балалар арасында тарағанын ашына жазды. Ол оқу орнының үш күнге карантинге жабылғанын айтып, асханаға жауапты мердігерді тексеруді талап етті.
«Алматыдағы РФММ, масқара! Қайда қарап отырсыздар?! Менің жиендерім ауруханаға түсті! Тек менікі ғана емес, басқа ата-аналардың да балалары ауруханада жатыр. Улану дейді, кейбірінен ішек таяқшасы табылған көрінеді. Бүгін бүкіл мектепті үш күнге карантинге жіберді деп айтты. Неге еш жерде ештеңе айтпайсыздар?! Негізінен интернаттағы балалар ауырып қалған, мұндайға қалай жол берілді?» – деп жазды уланған оқушының жақын туысы.
Мектеп пен асхана жабылды: Тексеріс басталды
Қазіргі уақытта санитарлық-эпидемиологиялық қызмет департаментінің арнайы қаулысымен білім ошағының, жатақхана мен тамақтану блогының қызметі толық тоқтатылды. Мамандар инфекцияның нақты қайдан шыққанын анықтау үшін асханадан, тағам өнімдерінен сынамалар алып, зертханалық сараптама жүргізіп жатыр. Сонымен қатар мектеп асханасын тамақпен қамтамасыз етіп отырған мердігер компанияның қызметі де тексерілмек.
Айта кетейік, Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебі 1972 жылы құрылған. Еліміздегі ең беделді оқу орындарының бірі саналатын мектептің интернатында Қазақстанның әр өңірінен қатаң конкурстық іріктеу арқылы түскен дарынды балалар жатып оқиды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







