«Республикалық физика-математика мектебі» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Алматыдағы филиалы оқушылар арасында тіркелген жаппай улану дерегіне байланысты уақытша қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Бүгінде ауруханаға жатқызылған балалардың саны 48-ге жетіп, мектеп пен жатақхана ғимараттарында жаппай залалсыздандыру шаралары жүргізілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ауруханадағы балалардың жағдайы
Соңғы ресми мәліметтерге сәйкес, 12–13 қазан күндері білім ошағының тәрбиеленушілерінен жедел ішек инфекциясының белгілері анықталған. 14 қазандағы жағдай бойынша қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында 48 оқушы стационарлық ем қабылдап жатыр.
Олардан бөлек, тағы алты оқушы интернаттың медициналық изоляторына орналастырылып, дәрігерлердің тұрақты бақылауына алынды. Сырқаттанған балалардың барлығына Денсаулық сақтау министрлігінің клиникалық хаттамаларына сәйкес тиісті ем-дом тағайындалған.
Бас санитарлық дәрігердің қаулысы және онлайн сабақ
Орын алған жағдайдың нақты себебін анықтау үшін санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары мектеп пен интернатты толық тексеріп, зертханалық сараптамаға қажетті сынамаларды алды. Ғимараттардың ішінде дезинфекциялау жұмыстары атқарылды.
Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, интернат пен мектеп асханасының жұмысы уақытша тоқтатылды. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 14–16 қазан аралығында барлық сабақтар онлайн форматта өтеді.
Сонымен қатар интернатта қалған өзге де тәрбиеленушілерді ата-аналарына немесе жақын туыстарының қолына тапсыру жұмыстары ұйымдастырылды. Қазіргі ахуал мектеп әкімшілігі мен бейінді мемлекеттік органдардың жіті бақылауында тұр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







