Қазақстанда азаматтардың жеке қажеттіліктеріне немесе өзгелерге көмек ретінде интернет пен әлеуметтік желілерде қаржы жинауын қатаң бақылауға алып, олардың жұмсалуы бойынша міндетті есеп беру тетігі енгізілмек, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеген тиісті заң жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Құжатты қоғамдық талқылау 16 қарашаға дейін жалғасады.
Қазіргі уақытта елімізде азаматтар әлеуметтік желілерде түрлі қиын жағдайлар мен емделуге байланысты жеке шоттарына қаражат жинауды жиі ұйымдастырады. Алайда қолданыстағы заңнама жеке тұлғалардың мұндай қызметін нақты реттемейді. Осы мәселені шешу үшін әзірлеушілер «қайырымдылық волонтері» ұғымының аясын кеңейтуді ұсынып отыр.
Қаржы жинауды бастаған кез келген жеке тұлға ресми түрде қайырымдылық волонтері санатына қосылып, қаражатты мақсатсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Жаңа ережеге сәйкес, желіде қаражат жинайтын қайырымдылық волонтерлері бірыңғай цифрлық ресурсқа жиынның басталғаны туралы мәліметті, ақшаның жұмсалуы жөніндегі есептерді және көмек алушылармен жасалған азаматтық-құқықтық шарттарды міндетті түрде жариялауға тиіс болады.
Жәшіктерге пломба салынып, актімен ғана ашылады
Құжатта көшелерде, қоғамдық орындар мен сауда нысандарында орнатылатын қайырымдылық жәшіктеріне де қатаң шектеулер қарастырылған. Енді оларды ғимарат немесе үй-жай иесімен жасалған ресми шарт болғанда ғана орнатуға рұқсат етіледі.
Жәшіктің сыртында көмек алушының кім екені, қаржы жинаудың нақты мақсаты, мерзімі және қажетті түпкілікті сома міндетті түрде жазылуы керек. Ондағы жиналған ақшаны алып шығу рәсімі де қатаңдайды: жәшікті кемінде үш өкілетті тұлға қорғаныс элементтерінің бүтіндігін, орнын, күнін және нақты сомасын арнайы актіге тіркей отырып аша алады. Ал қолға ұстап жүретін жылжымалы жәшіктерді тек волонтерлер немесе қайырымдылық құрылымдары ұйымдастырған шараларда ғана пайдалануға болады. Мұндай шектеу діни бірлестіктерге қолданылмайды.
Қорлардың атауы өзгереді: үкіметтік емес секторға жаңа ереже
Ұсынылған түзетулер қайырымдылық ұйымдарының жұмысын да ауқымды өзгеріске түсіреді. Барлық қайырымдылық қорлары өздерінің ресми атауына осы мәртебені міндетті түрде енгізуге тиіс. Бұл оларды өзге үкіметтік емес ұйымдардан ажыратуға және нақты статистикалық есеп жүргізуге жол ашады. Мекемелерді қайта тіркеуден өткізу үшін арнайы өтпелі кезең беріледі.
Сонымен қатар қайырымдылық жасаушылармен бекітілетін келісімшарттарда әкімшілік шығыстардың мөлшері нақты көрсетіліп, барлық бейінді іс-шаралар арнайы бағдарламаларда көрініс табуы шарт. Әзірлеушілер ерікті қайырмалдықтар үшін осы уақытқа дейін қолданылып келген жеңілдікті ерекшеліктерді де алып тастауды көздеп отыр.
Қайырымдылық көмегін алушылар қатарына төтенше жағдайлардан зардап шеккен азаматтар мен мүгедектігі бар адамдардың мамандандырылған ұйымдары ресми түрде енеді.
Жоба аясында басқа да салалық заңдарға түзетулер енгізіледі. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің нормалары нақтыланып, мемлекеттік қорларды тарату ережелері мен шығармашылық одақтарды қаржыландыру тәртібі қайта қаралады. Үкіметтік емес сектор үшін экономикалық қызметтің бірыңғай жіктеуіші енгізілмек.
Сонымен қатар медиация саласына да өзгерістер ұсынылды. Медиативтік келісімдер жылжымайтын мүлікті тіркеу кезінде құқық белгілейтін құжат ретінде танылады. Ал медиаторлар жыл сайын біліктілігін көтеруге міндеттеледі және жұмыс берушісі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын төлеген айларда бұл жарнаны екінші рет өтеуден босатылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







