Дональд Трамп әкімшілігі Құрама Штаттарға заңды иммигранттардың келуін мейлінше шектейтін ауқымды саясатты іске асырды. Соңғы сараптамалық деректерге сәйкес, шетелдіктерге берілетін визалар саны бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда орта есеппен 50 пайызға жуық қысқарып, әлем елдерінің жартысына дерлік тікелей әсер етті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ұлы тоқыраудан кейінгі ең қатаң шектеу
Талдаушылардың бағалауынша, COVID-19 пандемиясы кезеңін есептемегенде, заңды иммиграцияға мұндай ауқымды тосқауыл қою шаралары елде Ұлы тоқырау дәуірінен бері тіркелмеген. Ресми статистика шетелдіктерге тұрақты тұруға рұқсат беру қарқыны шұғыл баяулағанын көрсетеді.
Ақпан айында АҚШ грин-карта мен тұрақты тұрғын мәртебесін алуға негіз болатын шамамен 26 мың иммиграциялық виза ғана рәсімдеген. Ал Трамп Ақ үйге қайта келгенге дейін бұл көрсеткіш ай сайын орта есеппен 52 мың құжатты құрайтын. Осылайша жаңа әкімшілік шешімдерінің салдарынан берілетін құжаттар көлемі бірден екі есеге құлдырады.
АҚШ шешімдерінің салдарынан Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан бастаған бірқатар елдерге берілетін иммиграциялық визалар саны бірден 80 пайыздан астам қысқарды.
91 мемлекет үшін толық тосқауыл
Күшіне енген бірқатар жарлықтар әлемнің 91 елінен келетін иммиграцияны іс жүзінде бұғаттады. Сонымен қатар тағы 61 мемлекеттің азаматтары үшін виза рәсімдеу процесі айтарлықтай шектелді. Әсіресе халқының басым бөлігі мұсылмандар саналатын елдерде құжат алу көрсеткіші кей жағдайда 90 пайыздан да көп төмендеген.
Берілген иммиграциялық визалар саны 80 пайыздан астам азайған елдердің тізімінде Қазақстанмен қатар Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь, Армения, Ауғанстан, Пәкістан, Нигерия, Мысыр, Иран, Бразилия, Венесуэла және Таиланд бар. Аталған мемлекет азаматтары үшін заңды түрде елге қоныс аудару мүмкіндігі күрт тарылды.
Студенттерге қойылатын жаңа қаржылық талап
Шектеулер тек иммиграциялық құжаттармен шектелмей, шетелдік студенттерге де кері әсерін тигізе бастады. Ақ үй шетелдік түлектердің оқуын аяқтаған соң АҚШ аумағында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтауына арналған бағдарлама шарттарын өзгертуді ұсынып отыр.
Жаңа ереже күшіне енсе, АҚШ-та оқыған шетелдік студенттер тәжірибеден өтуге арналған OPT бағдарламасына қатысу үшін 70 мың доллар көлемінде жарна төлеуге мәжбүр болады.
Бұл бастама қабылданған жағдайда F-1 студенттік визасымен оқып жатқан шетел азаматтары оқу орнын бітіргеннен кейін елде қалып, заңды жұмыс істеу үшін қомақты төлем жасауы тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







