Украина аумағындағы соғыс қимылдары аймағына тап болған 13 қазақстандықтың бір бөлігі елге аман-есен оралды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы заңгер Мейрман Шекеев мәлімдеді. Оның айтуынша, майдан даласында қалған отандастарымызды Отанына қайтару бойынша жүйелі жұмыстар атқарылған. Құқық қорғаушы қазақстандық азаматтардың ата-аналары атынан мемлекет органдарына алғыс жеткізді.
«Балаларын күткен ата-аналардың атынан отандастарымыздың елге аман оралуына қолдау көрсеткен президент Тоқаевқа, СІМ қызметкерлеріне және көмек қолын созған барлық жандарға шексіз ризашылығымызды білдіреміз», – деп атап өтті заңгер Мейрман Шекеев.
Ақпарат құралдарының хабардар дереккөзі де осы мәліметті растады. Мәліметке сәйкес, азаматтардың алғашқы легі елге жеткізілген, олардың денсаулығы жақсы, дін аман.
Нәпақа табуға барып, майданнан бір-ақ шыққан
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Ресейге жұмыс істеуге барған қазақстандықтардың видеоүндеулері тараған еді. Олар көрші елге құрылыс пен қарапайым қызмет саласына нәпақа табу үшін барғандарын, алайда алдау немесе күштеу арқылы Ресей армиясымен құжатқа қол қоюға мәжбүрленгендерін айтып, көмек сұраған.
Жақындарының айтуынша, отандастарымыз құжаттағы заңдық салдарды толық түсінбей қалған немесе тікелей қысым көрген. Салдарынан олар қарулы қақтығыс өршіп тұрған майдан шебіне жіберілу қаупіне тап болды.
Дипломатиялық келіссөздер
Аталған мәселеге байланысты қазан айының басында СІМ мәлімдеме жасап, соғыс аймағында жүрген азаматтарды елге қайтару бағытында ресейлік тараппен тығыз дипломатиялық келіссөздер жүргізіліп жатқанын хабарлаған еді. Ведомство әрбір отандасымыз бойынша деректер жинап, тиісті шараларды қабылдады.
Қазіргі уақытта қалған азаматтарды да Қазақстанға толық әкелу процесі мемлекет бақылауында жалғасуда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







