Қарағанды облысы Балқаш қаласына қарасты Саяқ ауылының маңында темір мен марганец кенін ешқандай рұқсатсыз өндіріп келген кәсіпорын жетекшілері ұсталды. Жер қойнауын заңсыз тонау салдарынан қоршаған ортаға жарты миллиард теңгеге жуық залал келтірілген, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
338 мың текше метр топырақ және үш алып карьер
Қаржы мониторингі агенттігінің облыстық департаменті жүргізген арнайы іс-шара барысында Саяқ елді мекенінің іргесінен ауқымды үш карьер анықталды. Онда өндірістік жұмыстар кең көлемде жүргізіліп, қазып алынған топырақтың жалпы көлемі 338 мың текше метрге жеткен.
Тексеру барысында ұйымдастырушылардың табиғи қазбаларды қазып қана қоймай, оны тасымалдаудың тұтас логистикалық тізбегін құрып алғаны белгілі болды. Қаржы мониторингі агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан кен орындарын игеруге арнайы ауыр техникалар жаппай тартылғанын растады.
«Заңсыз жұмысты «Vertex Co.» және «MiningMetall» серіктестіктерінің директоры ұйымдастырған. Кен өндіру жер қойнауын пайдалануға тиісті құқықсыз және қажетті рұқсат құжаттарынсыз жүргізілген. Учаскелерді игеруге жалдамалы жұмысшылар мен экскаваторлар, тиегіштер, кен ұсататын қондырғы және самосвалдар тартылған», – деп мәлімдеді агенттіктің ресми өкілі Ернар Тайжан.
Қазып алынған шикізат сол жердегі қондырғыда ұсақталып, жүк көліктерімен теміржол станциясына жеткізіліп, әрі қарай саудаланған. Қазір сот шешімімен екі арнайы техника, автокөлік және коммерциялық ғимарат бұғатталып, күдіктіге қатысты кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Жерді қалпына келтіруге 485 миллион теңге қажет
Табиғатты қорғау мамандарының есебінше, ойраны шыққан жерді бастапқы қалпына келтіру және карьерлерді рекультивациялау үшін кемінде 485 миллион теңге қажет.
Жауапсыз кәсіпкерлер миллиондаған пайдаға кенелгенімен, артында шұрқ-тесік болған қаңыраған шұңқырлар мен бүлінген экожүйе қалды. Мұндай ашық карьерлер қоршаған ортаға ұзақ жылдар бойы кері әсерін тигізіп, топырақтың тозуына алып келеді.
Бақылаушы органдар қайда қарап отырған?
Аталған қылмыстық әрекет елдегі жер қойнауын қорғау жүйесінің осалдығын кезекті мәрте әшкереледі. Даланың төсінде бір-екі адам емес, ауыр экскаваторлар, тас ұсататын кешендер мен ондаған самосвалдар күндіз-түні тынымсыз жұмыс істеп жатқанда, жергілікті билік пен қадағалаушы мекемелер неге көрмей қалған?
Ауыл іргесінен жүздеген мың текше метр кен қазылып, жүк пойыздарымен тонналап жөнелтіліп жатқанда округ әкімдігі, жергілікті полиция және экологиялық инспекция қайда қараған деген орынды сұрақ туындайды. Ауыр техниканың гүрілі мен тау-тастың қопарылуы көзге түспейтін ұсақ қылмыс емес.
Орталық Қазақстан мен Ұлытау өңірінде соңғы кездері пайдалы қазбаларды заңсыз ұрлау деректерінің жиілеп кетуі жауапты органдардың салғырттығын немесе қылмыстық топтармен ымыраласуын аңғартады. Жер қойнауының байлығы халықтың ортақ игілігі деп жарияланған шақта, көз алдарындағы алып карьерлерді көрмеске салған лауазымды тұлғалардың да жауапкершілігі тексерілуі тиіс. Әйтпесе табиғи байлықты талан-таражға салып, туған жердің ойранын шығару тыйылмайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







