Шымкенттегі Бадам су қоймасының жағалауында орналасқан «Omir Shymkent» туристік кешенінің алғашқы кезеңі техникалық тұрғыда іске қосылды. Жоба табиғат аясындағы демалысты заманауи қызмет көрсету үлгісімен ұштастырады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Ауқымды инвестициялық жоба 74 гектар аумақта жүзеге асырылып жатыр. Оған салынатын инвестиция көлемі шамамен 9 миллиард теңгені құрайды.
Кешен экологиялық туризмді дамытуға, заманауи рекреациялық инфрақұрылым қалыптастыруға және Шымкенттің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған.
Жоба тұжырымдамасы бұған дейін қала әкімі Ғабит Сыздықбековке таныстырылған еді. Қала басшысы бастаманың туризм мен инвестициялық тартымдылықты арттырудағы маңызын атап өтіп, жобаны қолдаған.
Кешеннің бірінші кезеңінде табиғи ортада жайлы демалуға арналған 10 глэмпинг пайдалануға берілді. Сонымен қатар қонақтарды қабылдайтын 10 капсулалы үй іске қосылды.
Алдағы уақытта кешендегі глэмпинг саны 48-ге дейін жеткізіледі. Сондай-ақ 18 капсулалы және 24 модульді үй салу жоспарланып отыр.
Жоба аясында ASPAN мейрамханасы, Сақ моншасы, спорт алаңы және амфитеатр бой көтереді. Ат спорты мен шарап өндіруге арналған жеке аймақтар да қарастырылған.
Жаңа кешен қала тұрғындары мен туристерге табиғатпен етене тынығуға мүмкіндік береді. Демалыс форматы қолайлы баспана, заманауи инфрақұрылым және жоғары деңгейдегі сервисті біріктіреді.
Туристік кешеннің толық іске қосылуы жаңа жұмыс орындарын құрып, қала экономикасына қосымша инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Жоба қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану және демалыс индустриясының дамуына серпін бермек.
«Omir Shymkent» Бадам су қоймасы маңындағы жаңа туристік бағытты қалыптастырады. Нысан Шымкенттің ішкі және сыртқы туризм нарығындағы тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







