Үкімет отырысында тұрмыстық газ баллондарының қауіпсіздігіне қатысты бақылауды түбегейлі күшейту және тозығы жеткен ыдыстарды айналымнан толық шығару мәселесі қаралды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Төтенше жағдайлар министрлігі жеке тұрғын үйлер мен қоғамдық тамақтану орындарында пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен баллондарды кезең-кезеңімен тәркілеп, оларды қатаң цифрлық есепке алуды талап етуде.
Министрдің қатаң талабы және жаңа есеп жүйесі
Үкімет мінберінде баяндама жасаған Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов елімізде газ баллондарының жарылуы салдарынан адам өлімі мен ауыр жарақаттану деректері азаймай отырғанын жеткізді. Оның сөзінше, қайғылы жағдайлардың басым бөлігі қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан және техникалық мерзімі өтіп кеткен тозған құрылғыларды үздіксіз пайдаланудан болады.
Министр тұрмыстық газ баллондарының нарығын ретке келтіру үшін шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін мәлімдеп, бақылау тетігін енгізуді ұсынды.
«Тұрғын үй секторы мен қоғамдық тамақтану орындарындағы жарылыстар мен өрттер тікелей ескірген газ баллондарымен байланысты. Біз тозығы жеткен баллондарды кезең-кезеңімен айналымнан біржола шығаруды, оларды міндетті түрде утилизациялауды және газ баллондарының бірыңғай есеп жүйесін енгізуді қамтамасыз етуіміз керек», – деді Мұрат Мұханов.
ТЖМ ұсынған жоспар бойынша, әрбір газ баллонына арнайы QR-код немесе сәйкестендіру белгісі орнатылып, оның техникалық жай-күйі, шыққан жылы мен соңғы сынақтан өткен мерзімі цифрлық дерекқорда көрініп тұруға тиіс.
Тозған «жарылғыш зат»: Айналымдағы баллондардың сиқы
Қазір елімізде айналымда жүрген тұрмыстық газ баллондарының шамамен 70–80 пайызының пайдалану мерзімі әлдеқашан аяқталған. Олардың арасында тіпті сонау 1970–1980 жылдары кеңестік зауыттардан шығып, қырық жылдан бері ешбір сынақтан өтпей, үйден үйге көшіп жүргендері де жетерлік.
Мәселені ушықтырып тұрған тағы бір жайт — заңсыз газ құю әрекеттері. Тұрғындар мен кәсіпкерлер арнайы тексеру станцияларына барудың орнына, баллондарды көліктерге арналған автогаз құю бекеттерінде (АГЗС) толтыра салады. Қысқы уақытта аязда лық толтырылып, жылы бөлмеге немесе дәмхананың асүйіне кіргізілген газ көлемі бірден ұлғайып, жарылысқа әкеліп соғады. Мұндай оқиғалар жыл сайын ондаған адамның өмірін жалмап жатыр.
Қарапайым халық пен шағын дәмханалардың қалтасына қалай соғады?
Қауіпсіздікті күшейту маңызды болғанымен, бастаманың әлеуметтік салдары үлкен күмән туғызады. Қазақстанның жүздеген ауылы мен шалғай елді мекендеріне табиғи газ әлі жеткен жоқ. Ауылдық жердегі қарапайым отбасылар тамақ пісіру үшін осы сұйытылған газ баллонына тәуелді. Сонымен бірге, базарлар мен аялдамалардың маңындағы шағын самсаханалар, донер мен кәуап пісіретін шағын дәмханалар да баллонмен күнелтіп отыр.
Егер мемлекет ескі баллондарды тәркілеп, бір күнде тыйым салса, халық жаңасын сатып алуға мәжбүр болады. Ал бүгінде заманауи композиттік немесе жаңа қауіпсіз металл баллондардың бағасы нарықта 35 мыңнан 60 мың теңгеге дейін жетеді. Бір үйде кемінде екі-үш баллон ұстайтын ауыл тұрғыны немесе табысы шағын кәсіпкер үшін бұл қомақты салмақ.
Мемлекет ескісін жаңасына жеңілдікпен ауыстыратын субсидия немесе арнайы бағдарлама ұсынбаса, құзырлы органдардың рейдтері қарапайым халық пен ұсақ саудагерлердің қалтасын қағуға айналып кетуі әбден мүмкін.
Тыйым салу оңай, балама қайда?
Адам өмірін аман сақтау — мемлекеттің басты міндеті. Алайда мәселені тек рейдтер мен тәркілеумен шешу тиімді нәтиже бермейді. Тұрмыстық газды тұтыну жүйесін өркениетті жолға қою үшін орталықтандырылған газ толтыру және ауыстыру пунктерін ашу, баллондарды утилизациялау кезінде өтемақы төлеу тетігін қарастыру қажет.
Ауылға газ тартуды ондаған жылға созып қойып, үйіндегі жалғыз баллонымен отырған тұрғынға тек айыппұл салып, соңғы мүлкін тартып алу әлеуметтік наразылықты күшейте түседі. Сондықтан билік тыйым салмас бұрын, халыққа жаңа баллонды қолжетімді бағамен немесе бөліп төлеу арқылы алудың нақты жолын ұсынуға тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







