Қазақстан халқы тілдері күніне орай Шымкентте «Қазақ тілі – ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық форум өтті. Жиында мемлекеттік тілдің қолданысы мен қоғамды біріктірудегі рөлі талқыланды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Форумды қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы ұйымдастырды. Басқосуға еліміздің әр өңірінен ғалымдар мен тіл саласының мамандары қатысты.
Іс-шара аясында қазақ тілінің қалыптасуы мен дамуына қатысты тарихи материалдар қойылған көрме ұйымдастырылды. Келушілерге ұлттық мәдениет пен руханиятты танытатын жәдігерлер ұсынылды.
Сондай-ақ Шымкентте мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Қатысушылар тілдік ортаны қалыптастыру тәжірибесімен бөлісті.
Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту ортақ міндет екенін айтты. Оның сөзінше, тіл халықтың тарихы мен мәдениетін ұрпаққа жеткізетін рухани негіз саналады.
Ол мемлекеттік тіл еліміздегі түрлі этнос өкілдерін біріктіретін ортақ құндылыққа айналуы керектігін атап өтті. Бұл үшін қазақ тілін күнделікті өмірде белсенді қолдануға жағдай жасау қажет.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Аман Абасилов мәселені әлеуметтік-лингвистикалық тұрғыдан талдады. Ғалым тіл саясаты нақты нәтижеге бағытталуы керектігін жеткізді.
Профессордың айтуынша, қазақ тілінің заңда бекітілген мәртебесі мен күнделікті қолданыстағы орны арасында айырмашылық бар. Сондықтан тілдің нақты қоғамдық қызметін күшейту маңызды.
Қазақ тілін білім, бизнес, мемлекеттік басқару және күнделікті қарым-қатынас саласында кеңінен пайдалануға жағдай жасалуы қажет. Ғалым оны табысқа бастайтын заманауи әрі сәнді тіл ретінде танытуды ұсынды.
Жиында мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосқан мамандар марапатталды. Бірқатар азаматқа Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасы, ал қала әкімінің Алғысхатын алғандарға домбыра табысталды.
Форум қорытындысында қазақ тілінің қоғамдық қолданысын кеңейтуге бағытталған ұсыныстар айтылды. Қатысушылар мемлекеттік тілді түрлі этнос өкілдерін жақындастыратын күнделікті қарым-қатынас тіліне айналдырудың маңызын атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







