Shymkent Creative Hub орталығында қолөнерге қызығатын тұрғындарға арналған кезекті шеберлік сабағы өтті. Қатысушылар ұлттық нақыштағы «Тұмар» әшекейін өз қолымен жасауды үйренді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Сабақ барысында шеберлер моншақ пен басқа да сәндік бөлшектерді үйлестіру тәсілін көрсетті. Қатысушылар дайын үлгімен шектелмей, өз идеясындағы бұйымды әзірлеуге мүмкіндік алды.
Шеберлік сабағына қатысқан Айжан Әзімбаева бала кезінен тігінмен айналысады. Кейінгі үш жылда жүннен түрлі бұйым жасап, қолөнердің бірнеше бағытын меңгерген. Бұл жолы ол әшекей жасаудан тәжірибе жинауды ұйғарған. Айжанның айтуынша, мұндай кездесулер жаңа дағды үйретумен қатар, шығармашылық ізденіске шабыт береді.
«Мұнда шабыт алу үшін келеміз. Адамдармен сөйлескеннен кейін түрлі идея пайда болып, шығармашылық қабілет ашыла бастайды», – деді Айжан Әзімбаева.
Оның сөзінше, қолөнер шеберлерінің өзара тәжірибе алмасуы маңызды. Олар Алматы мен Астанадағы іс-шараларға қатысып, жаңа әдіс пен идеяларды Шымкентке алып келеді.
Қолөнер шыдамдылықты, ұқыптылықты және дәлдікті талап етеді. Әшекейдегі әрбір бөлшектің орналасуы дайын бұйымның сыртқы көрінісі мен мағынасына әсер етеді.
Қатысушылар сабақ кезінде түрлі техниканы үйреніп, өздері ойластырған бұйымды жасады. Дайын тұмарлар авторларына табысталды. Суретші Айман Телқожаеваның айтуынша, ежелде мұндай әшекейлер игілік пен берекені шақыратын нышан ретінде жасалған. Қатысушылар да өз қалауы мен талғамына сай тұмар әзірледі.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, күн сайын оннан астам адам шеберлік сабақтарына қызығушылық танытады. Дегенмен кейбір бағыттар бойынша қатысушылар саны әзірге аз.
Креативті хабта сурет салу, тігін, қолөнер және керамика бойынша сабақтар апта сайын өткізіледі. Кейбірі тегін болса, материалдар толық ұсынылатын сабақтарға ақы белгіленген.
Мамандар мұндай жобалар адамның шығармашылық қабілетін ашып, жаңа кәсіп үйренуіне көмектесетінін айтады. Қолөнерді жүйелі меңгерген тұрғындар кейін сүйікті ісін қосымша немесе тұрақты табыс көзіне айналдыра алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







