Шымкентте ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұлттық киім дизайнерлерінің «Жібек жолы айшықтары» атты республикалық көрме-байқауы өтіп жатыр. Шара қалалық әкімдіктің қолдауымен, мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты «Концерттік-көрме орталығының» ұйытқы болуымен өтуде, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қалалық деңгейден республикалық ауқымға
Мәдени жобаның негізгі мақсаты — ұлттық киім тігу өнерін дамыту, отандық дизайнерлерге қолдау көрсету және дәстүрлі киім мәдениетін кеңінен насихаттау. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұған дейін тек қала ішінде ғана өтіп келген байқау биыл алғаш рет республикалық деңгейде ұйымдастырылып отыр. Оған Түркістан, Ақтау, Атырау, Тараз және Шымкент қалаларынан келген сәнгерлер қатысып, жаңа топтамаларын ұсынуда.
Орталықтың ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Азамат Айтбаев биылғы додаға қатысушылардың шығармашылық ізденісі жоғары екенін атап өтті. Оның сөзінше, шеберлер дәстүрлі өнерді заман талабына сай жаңғыртып жүр.
«Байқауға қатысып жатқан дизайнерлердің әрқайсысы ұлттық киімге өзіндік қолтаңбасын қосып, жаңа үлгілерін ұсынып отыр. Біздің мақсатымыз – осындай талантты дизайнерлерге қолдау көрсетіп, ұлттық киімді жан-жақты насихаттау», – деді Азамат Айтбаев.
Үш номинация және жүлде қоры
Көрме-байқауда дизайнерлер үш түрлі номинация бойынша өзара бақ сынап жатыр:
«Ең үздік балалар мен жасөспірімдердің киім үлгісі»;
«Ең үздік күнделікті және жұмыс киім үлгісі»;
«Ең үздік жас жұбайларға арналған киім үлгісі».
Номинациялар тізіміне қарасақ, сәнгерлер назары тек сахналық немесе мерекелік киімдерге емес, күнделікті өмірде және қызмет барысында киюге ыңғайлы үлгілерге де бағытталғаны байқалады.
Байқау ережесіне сай, әр номинация бойынша бас жүлде, бірінші, екінші және үшінші орындар тағайындалған. Жеңімпаздар ақшалай сертификаттармен және алғыс хаттармен марапатталады. Қатысушылардың туындыларын ұлттық киім, сән және мәдениет саласының тәжірибелі мамандарынан жасақталған қазылар алқасы саралап, өз бағасын береді. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да осындай мәдени бастамалар арқылы отандық дизайнерлер мен дәстүрлі киім өнерін ілгерілетуді көздейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







