Шымкентте ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Жібек жолы айшықтары» атты республикалық ұлттық киім дизайнерлерінің көрме-байқауы өтуде. Шарада подиумға шыққан ақ жаулықты әжелер көпшіліктің айрықша ықыласына бөленді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Подиумдағы апалар: жас ерекшелігі өнерге кедергі емес
Қалалық әкімдіктің қолдауымен, мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты «Концерттік-көрме орталығы» ұйымдастырған байқау подиумға шығуға ешқашан кеш еместігін дәлелдеді. Дәстүрлі киім өнерін дәріптеуді көздеген көрсетілімде жасы үлкен әжелер де модель ретінде өнер көрсетті.
Шараның басты кейіпкерлерінің бірі — 60 жастағы Бейбіт Толыбайқызы. Сахнаға алғаш рет шыққан апамыз екі дизайнердің топтамасын таныстырды.
«Алғаш рет подиумда өнер көрсетіп тұрмын. Екі дизайнердің топтамасында модель ретінде шығамын. Соның бірі — әжелерге арналған ұлттық нақыштағы киімдер. Арамызда 76 жастағы апамыз да бар. Өзім 60 жастамын. Үш қызым, бір ұлым, солардан 15 немерем бар. Ұлттық киімді өзім де жақсы көремін, қайда барсам да киюге тырысамын. Жастар да ұлттық киімімізді танып, қадірлесе екен деймін. Өйткені біздің ұлттық киімдеріміз өте әдемі, оны мақтанышпен киюіміз керек. Тәуелсіздіктің 35 жылдығы аясында өтіп жатқан осындай байқауға қатысып, ұлттық киімді насихаттауға өз үлесімді қосып жатқаныма қуаныштымын», – деді Бейбіт Толыбайқызы.
«Тарту» тақиялары мен шетелдік сұраныс
Байқау аясында ұлттық қолөнер көрмесі де өтіп, «Тарту» брендінің негізін қалаушы Алуа Заманованың тақиялары ұсынылды. Үш жылдан бері отбасылық кәсіпті дамытып жүрген шебер ұлттық бас киім тігуді арнайы білімсіз-ақ қызығушылықпен бастаған.
Алуа Заманованың айтуынша, терлетпейтін әрі иіс шығармайтын сапалы матадан тігілетін «Абай» тақиясын отандық сатып алушылармен қатар түрлі этнос өкілдері мен шетелдік туристер де алады (алғаш сауда бастағанда германиялық турист бес тақия сатып алған). Бүгінде өнімдер Қазақстан мен Ресейде онлайн сатылса, алдағы уақытта кәсіпкер Малайзия, Сингапур және Америка нарығына шығуды көздеп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







