Бокс бапкері, еңбек сіңірген жаттықтырушы Тұрсынғали Еділов Париж Олимпиадасындағы қазақстандық спортшылардың бет алысы туралы айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері Бибосыновтың жекпе-жегіне қатысты пікір білдірді.
«Ағылшын журналисі Бибосын пен Досматов жекпе-жегі туралы жазыпты. Хасанбой жеңді депті. Мен де жеңді деп отырмын. Төрешілер де жынды емес қой», — деді бапкер Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында.
Чемпиондарды тәрбиелеген жаттықтырушы қазір спортқа не жетпейтінін айтты.
«Тек бас бапкерге сенеміз. Олимпиадаға аш балаларды әкелу керек. Олардың көзінде жеңіске деген ұмтылыс болады. Тойып алсаң, қалай қимылдайсың? Аш болу керек, олар сол кезде қимылдайды. Финалда кім жаңашылдықпен келеді — сол жеңіске жетеді. 3-4 дүркін Олимпиада жүлдегерлерін қайта-қайта неге қатыстыра береді? Мәселе — сол. Соны сезбейді жаттықтырушылар, барлық бәле содан.
Қоңқабаевтың орнына кім бар? Ешкім жоқ. Шыңбергеновтың орнына кім барады – ешкім жоқ. Токио Олимпиадасынан бастап дабыл қағу керек болатын. Ауыстыру керек еді. Қоңқабаев не керек? Құлап жүр. Жалолов нокаутқа түсірген адам оны ұтып алды. (…) Қазір «семіріп» алған», — дейді Тұрсынғали Еділов сұхбатында.
Еділов неліктен «әттеген-ай» дейтінін де айтты.
«Ермахан шәкіртім Атлантадан медаль алып келді. Бір пәтер алғаным жоқ. Сиднейден дүркіретіп келдік. 100 мың (доллар — еск.) алдым. Тағы да пәтер алған жоқпын. Бауыржан Оспановқа мыңда бір рақмет, бас бапкер қылды, сол кезде жақсы төледі. 2000-3000 доллар төледі. Алматы облысын басқарғанда жылына миллион доллар аласың деп уәде беріп, уәдесінде тұрды», — деді ол Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында.