Қонаев қаласында «Әділет» партиясы Алматы облыстық филиалының конференциясы өтіп, өңірлік ұйымның басшылық құрамы толық жасақталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиын барысында облыстық филиал басшысы, Саяси кеңес мүшелері және бақылау-тексеру комиссиясының құрамы сайланды. Сонымен қатар конференция күн тәртібінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Конституция – Жаңа Дәуір» үндеуін қолдау мәселесі қаралды.
Ашық дауыс беру нәтижесінде Данияр Алдабергенұлы Қасқарауов «Әділет» партиясы Алматы облыстық филиалының басшысы болып сайланды. Ол кәсіпкерлік, қоғамдық және қоғамдық-саяси қызметте тәжірибе жинаған азамат ретінде таныстырылды.
Жаңа қызметінде Данияр Қасқарауов облыстық филиалдың жұмысын үйлестіреді. Сондай-ақ партияның бағдарламалық мақсаттарын іске асыру, тұрғындармен тұрақты байланыс орнату және өңірдегі қоғамдық-саяси жұмысты күшейту бағытында қызмет атқарады.

Конференцияда Саяси кеңес құрамы да бекітілді. Оның қатарына кәсіпкерлік, банк секторы, өндіріс, әлеуметтік сала, мәдениет, спорт, білім, табиғат қорғау, қоғамдық бірлестіктер және жастар ұйымдарының өкілдері енді.
Бақылау-тексеру комиссиясына ұйымдастырушылық, қаржы-шаруашылық, құқықтық және қоғамдық жұмыс тәжірибесі бар мамандар сайланды. Комиссия филиал жұмысының ашықтығы мен ішкі тәртібін қамтамасыз етуге бағытталған қызмет атқарады.
Осылайша, «Әділет» партиясының Алматы облысындағы ұйымдық құрылымы қалыптасты. Алдағы уақытта облыстық филиал өңір тұрғындарымен жүйелі жұмыс жүргізіп, партиялық бастамаларды іске асыруға кіріседі.
Филиал сарапшылар қауымдастығымен, кәсіпкерлермен, қоғамдық бірлестіктермен және азаматтық сектор өкілдерімен өзара байланысты күшейтуді көздейді. Бұл жұмыс партияның өңірдегі қоғамдық қолдауын арттырып, жергілікті деңгейдегі бастамаларды нақты іске асыруға бағытталмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







