Ресейдің Әрктикадағы алып жобасының артында Назарбаевпен байланысты қалталы тұлғаның тұрғаны анықталды, деп жазады Ertenmedia.
Осыдан жеті жыл бұрын Кремль көсемі Чукоткідегі Байым мыс кенішінде тау-кен байыту комбинатының құрылысын бастауға пәрмен берген. Құны 14 млрд доллар тұратын кешенде теңіз үстіндегі АЭС, порт және 400 км жол салынуда. Жоба іске қосылғанда Мәскеудің мыс өндірісі 25 пайызға, ал алтын өндірісі 4 пайызға артуы тиіс дейді.
Алғашында Роман Абрамовичтің иелігінде болған кенішті кейіннен қазақстандық KAZ Minerals компаниясы сатып алған. Соңғы жылдары жоба АҚШ санкциясының құрсауында қалып, жабық инвестициялық қорға өткен.
«Система» барлаушыларының мәліметінше, Байым жобасы әлі күнге дейін KAZ Minerals-тың ірі акционері Владимир Киммен тығыз байланысты. Ким деген кім?
Қазақстандық миллиардер кезінде Әбішұлының «әмияны», сыр ашатын сенімді серігі болған еді. Әулетпен байланысты қорларды, Назарбаевтың сайлау науқанын түгелдей әлгі Ким қаржыландырған дейді-мыс. Бұған дейін оның үлкен кісіге самолет сыйлағаны туралы ақпарат тараған еді.
Байым кенішін басқаратын холдингтің басына былтыр қазақстандық Елена Раскошная тағайындалған. Ол бұған дейін Кимге тиесілі «Алмател» компаниялар тобына басшылық еткен. Жобаның бас директоры Георгий Фотин бұған дейін KAZ Minerals-тың Мәскеу бөлімшесін басқарған.
Пенсиядағы Назарбаев Путинге жиі-жиі барып тұрады. Кремльмен тығыз байланысты үзгісі келмейтін экс-Нұрағаның төңірегі де түгелдей Ресеймен ауыз жаласқан. Айтпақшы, жыл сайын Тәуелсіздік күні қарсаңында «тұңғыштың» Мәскеуге ұшып кететін әдеті бар.
Әртикадағы күлшелі жобаның артында тұрған Владимир Ким KAZ Minerals-тің 63,5 пайыз акциясын, ал «Қазақмыстың» 70 пайыз үлесін иеленген. Екеуінен де күреп табыс тауып отыр. 2023 жылдың өзінде KAZ Minerals 2 млрд доллардан астам пайда тапқан.
Ақтоғай мен Бозшакөл кеніштерінің түбінде жүздеген миллиард теңге бөгіп жатыр. Соған қарамастан, компания өндіріс алаңындағы қауіпсіздікке селқос қарайды. Былтыр күзде ғана KAZ Minerals шахтасында бес жұмысшы қаза тапқан еді.
Шетелдік БАҚ-тың жазуынша Назарбаев әулетінің шашырап жатқан капиталы 50 млрд доллардан асып жығылады. Мұның сүбелі бөлігі Швейцарияның ең ірі деген қаржы конгломераты Credit Suisse-тің есеп-шотында сүрленіп жатыр. Бірақ бұл айсбергтің беткі жағы ғана болуы мүмкін. Tax justice network-тың мәліметінше Назарбаев кланы өткен 30 жылда 140–160 млрд долларды офшорға шығарған.
Жемқорлардың жеп-ішкенін тінтумен айналысатын халықаралық орталықтың мәліметінше (OCCRP) Назарбаев шын мәнінде әлемдегі ең дәулетті адамдардың төбе басында тұр.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Астанаға қол жайған Қарашөкеев: Жамбыл шенеуніктерінің шырт ұйқысы бұзылды

