Шығыс Қазақстан облысында 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясаттың республикалық тұжырымдамасының негізгі қағидаттары толық орындалып, өңірлік ерекшеліктерге бейімделуде. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиялардың, дағдарыс орталықтарының, әлеуметтік бағдарламалардың нәтижесінде әйелдердің қоғамдық өмірге белсенді араласу деңгейі артты. Кәсіпкер әйелдерге гранттар бөлініп, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетіліп келеді.
Облыста 380 мыңнан астам әйел тұрады, бұл жалпы халық санының жартысынан астамын құрайды. Өңірде әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссия, сондай-ақ аудандық және қалалық комиссиялар жұмыс істейді. Олардың құрамында мемлекеттік қызметшілер, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, ғалымдар, журналистер, сондай-ақ сот және құқық қорғау органдарының өкілдері бар. Сарапшылардың кең ауқымды қатысуы жастар мен отбасыларды қолдау, ажырасудың алдын алу, қиын жағдайдағы отбасылармен жұмыс жүргізу бойынша тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
– Комиссия мүшелері – қоғамда беделі бар азаматтар. Отбасылық және гендерлік саясатты жүзеге асыруға мемлекеттік мекеме басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері, кәсіпкерлер, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету орталықтарының қызметкерлері, психологтар, ұстаздар және үлгілі ата-аналар тартылған. Біз тек мәселелерді анықтаумен шектелмей, оларды шешудің нақты құралдарын ұсынуды мақсат етеміз. Біздің жұмысымыздың басты нәтижесі – әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау, көпбалалы отбасыларға көмек көрсету және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, – дейді облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев.
Өңірде үш дағдарыс орталығы мен «Жанұя» отбасыны қолдау орталығы жұмыс істейді. «Үлбі» орталығы зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге және қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсетеді. Мұнда уақытша баспана, психологиялық және заңгерлік кеңес алу мүмкіндігі бар. 2024 жылы мұндай орталықтардың қызметін 57 адам пайдаланған.
Балаларды қорғау мәселелері де назардан тыс қалмайды: буллинг, ерте жүктілік, жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу бағытында жұмыстар жүргізілуде. ШҚО мектептерінде бірыңғай сабақтар, ата-аналарға арналған тренингтер, психологтардың кеңестері өткізіледі. «Қатігездік пен зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» бағдарламасы он мыңдаған оқушыны қамтыды.
Көпбалалы, жалғызбасты және қиын жағдайға тап болған ата-аналарға арнайы бағдарламалар қарастырылған. Аналар мен әкелер кеңестері, ақсақалдар алқасы және жастармен жұмыс топтары жұмыс істейді. Олар отбасылық құндылықтарды насихаттау, ерте жүктіліктің алдын алу, рухани-мәдени тәрбие мәселелерімен айналысады. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды, сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтарды қолдау шаралары жалғасуда. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы арнайы орталық құрып, бұл санаттағы азаматтарға кәсіби біліктілікті арттыру, кәсіпкерлік бастамаларды дамыту және жұмысқа орналасуға көмектесу бойынша қолдау көрсетеді. 2024 жылы 709 тұрғынға отбасындағы қарым-қатынасты жақсарту, балалар мен ата-аналардың психоэмоционалдық жағдайын тұрақтандыру бойынша психолог кеңесі берілді. Заңгерлік көмек, әлеуметтік қолдау, отбасылық құндылықтар, психология және бизнес бойынша тренингтер өткізілді.
– Өңірде әйелдер кәсіпкерлігіне қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлінуде. 2024 жылы 139 әйел мемлекеттік грант алып, өз кәсібін бастады. 10 мыңға жуық әйел тұрақты жұмысқа орналасты, ал 5 мыңнан астамы кәсіби оқудан өтті, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.
Отбасылық саясаттың маңызды бағыттарының бірі – тұрғын үймен қамтамасыз ету. 2024 жылы 523 жеңілдікпен берілетін баспана иелеріне табысталды, оның 209-ы көпбалалы отбасыларға берілді. Бұл тұрғын үй жағдайын жақсартып, балалардың жайлы ортада тәрбиеленуіне мүмкіндік жасайды. ШҚО-да 2023 жылы 12 мың көпбалалы отбасы болса, 2024 жылы олардың саны 13 мыңға жетті. Олардың 9 мыңға жуығы төрт және одан да көп баланы тәрбиелеп отыр. 8 наурыз қарсаңында көпбалалы аналарға «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілері және I, II дәрежелі «Ана даңқы» ордендері табысталады. Сондай-ақ олар облыстық бюджеттен мерекелік төлемдер алады. 2024 жылы 1804 отбасы 878 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алды.
Сонымен қатар 1-6 жас аралығындағы 2 мыңнан астам балаға 164 млн теңге көлемінде қосымша ай сайынғы төлемдер берілді. 2024 жылы облыста 5 мыңға жуық неке тіркеліп, тек 2 мың ажырасу орын алды. Әйелдерге қатысты қылмыстар саны азайды: 2022 жылы 2467 жағдай тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 1961-ге дейін төмендеді. Әйелдердің қоғамдық өмірдегі үлесі артып келеді. Облыстық мәслихат депутаттарының 28%-ы, аудандық мәслихат депутаттарының 26,6%-ы әйелдер, аудан және қала әкімдерінің арасында бір, аудан әкімдері орынбасарларының жетеуі, судьялардың 73-і әйел, құқық қорғау органдарында әйелдердің үлесі – 17,6%. Мемлекет ана мен баланы қорғауды басты бағыт ретінде қарастырады. Осы мақсатта әлеуметтік қолдау шаралары жетілдіріліп, жаңа бағдарламалар іске асырылып жатыр.