Президент Тоқаев елдегі игерусіз жатқан ауылшаруашылық жерлерін келер жылдың ортасына дейін толықтай айналымға енгізуді тапсырды деп хабарлайды Ertenmedia.
Мемлекет басшысы жердің иесіз жатуы елдің экономикалық дамуына тежеу екенін айтты. Сондықтан соңғы екі жылда игерілмеген немесе заңсыз иемденген 13,5 миллион гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылған.
Алайда, осы жердің жартысына жуығы ғана жаңа иесін тапқан. Әкімдіктер небәрі 6 миллион гектарды қайта үлестіріп, қалған бөлігі әлі күнге дейін бос жатыр.
Тоқаевтың айтуынша, осы қайтарылған жерлер инвестиция тартудың, жаңа жұмыс орындарын ашудың әрі ауылдағы шағын өндірістің ошағына айналуы қажет.
«Жер қадірін білетін, еңбектің бағасын түсінетін адамдардың қолына өтуі керек», – деп президент нақты талап қойды.
Сондай-ақ, жер мәселесіндегі жемқорлық пен бюрократиялық кедергілердің жолын кесу үшін жер үлестірудің жаңа цифрлық форматына көшу міндеті тұр. Президент электронды конкурс арқылы жер бөлудің жаңа механизмін тез арада заң жүзінде бекітуді тапсырды.
Тоқаев жер ресурстарын бақылауда ғарыштық мониторинг пен жасанды интеллектіні кеңінен қолдануды да атап өтті. Ғарыштық бақылау мен геосараптама жердің нақты жай-күйін бағалауға мүмкіндік беріп, жерді мақсатсыз пайдаланғандарды оңай анықтайды.
Президенттің сөзінше, бұл тәсіл орман шаруашылығы үшін де маңызды. Айталық, Солтүстік Қазақстан облысында иесіз жатқан 9 мың гектар орманды алқап табылған.