Қазақстан World Happiness Report 2025 рейтингінде 33-орынға көтеріліп, Франция мен Сингапурды басып озды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Осылайша ел посткеңестік кеңістіктегі орнықты позициясын сақтап қана қоймай, жаһандық тізімде де өз көрсеткішін күшейтті.
Бақытты елдер тізімі? Есеп қорытындысына қарағанда, Қазақстанның нәтижесі бір жыл ішінде 0,962 тармаққа өскен. Мұндай серпін алғашқы қырықтыққа енген мемлекеттер арасындағы елеулі өсімнің бірі саналады.
Рейтинг алты негізгі өлшем арқылы түзіледі екен
Оның ішінде жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім, өмір сүру ұзақтығы, әлеуметтік қолдау, таңдау еркіндігі, жомарттық деңгейі және сыбайлас жемқорлықтың таралуы бар. Сонымен қатар әр тұрғын өз өмірін 0-ден 10-ға дейінгі шкала бойынша бағалайды. Қорытынды баға 2022-2024 жылдар аралығындағы орташа көрсеткіш негізінде шығарылады.
Әлемдік тізімнің басында әлі де Финляндия тұр. Ел сегізінші жыл қатарынан бірінші орыннан түспеген. Одан кейін Исландия мен Дания жайғасқан. Ал алғашқы бестікке Коста-Риканың енуі көпшілікті таңғалдырды. Латын Америкасындағы бұл мемлекет Швеция, Норвегия және Нидерланды секілді елдерді артқа қалдырған.
Зерттеушілер мұны Латын Америкасына тән ерекше феноменмен байланыстырады. Экономикалық көрсеткіші аса жоғары болмаса да, тұрғындары өмір сапасын жоғары бағалайды. Ғылыми ортада мұндай құбылыс «латынамерикалық бақыт парадоксы» деген атаумен белгілі.
Рейтингте Израиль де назар аудартты. Ел жалғасып жатқан қақтығысқа қарамастан сегізінші орынға табан тіреген. Ал тізімнің ең соңында, 147-орында Ауғанстан тұр.
Біздің ерекшелік неде?
Қазақстанның басты артықшылығы сенім мен өзара көмек көрсету деңгейінен байқалған. Биылғы есепте дәл осы факторларға айрықша назар аударылған.
Мәселен, жоғалған әмиянды көрші адамның иесіне қайтару ықтималдығы бойынша Қазақстан 30-орын алған. Ал оны бейтаныс адамның қайтару ықтималдығы жөнінен 42-орынға шыққан.
Қызығы, экономикасы әлдеқайда ірі саналатын Франция мен Сингапур осы өлшемдер бойынша Қазақстаннан төмен нәтиже көрсеткен. Демек, елдің артықшылығы тек ресми табыс көлемінде емес, қоғам ішіндегі сенім ахуалында да көрініп отыр.
Осыған дейін Қазақстан сатып алу қабілеті паритеті бойынша әлемдегі ең ірі 40 экономиканың қатарына енгені туралы хабарлаған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







