Депутат Ермұрат Бапи Бас прокурорға сауал жолдап, Нұрбол Назарбаевтың рейдерлік әрекетін тергеуді талап етті, деп хабарлайды Ertenmedia.
Оның сөзінше, түнеукүні Мәжілісте көтерілген мәселе ел ішінде көптен бері айтылып жүрген тақырыптың бір шеті ғана.
«Әріптесім Ринат Зайыт өткен аптада Болат Назарбаевтың ұлы Нұрболдың қылмыстық әрекеттерін әшкерелеген еді. Оған қол қойғандардың қатарында мен де бармын. Мақсатымыз атышулы әулеттің ұзақ жыл бойы жазықсыз азаматтарға жасаған қиянатына тосқауыл қойып, әділеттілік орнату», – деді ол.
Депутат осыған дейін Нұрбол Назарбаевқа қатысты бірнеше рет сауал жолдағанын, алайда тиісті нәтиже болмағанын атап өтті. Оның пікірінше, әулет өкілдерінен зорлық көрген азаматтардың арыз-шағымын жылы жауып қоюға болмайды.
«Алматы облысы, Қарасай ауданы, бұрынғы Каменское мал асылдандыру зауыты жұмысшыларының үшбу хатын мен үш мәрте Мәжіліс мінберінде көтердім. Нұрбол Назарбаев бүкіл бір кеңшар жұмысшыларының жекешелендіруге берілген 9 мың гектардан астам жер үлесін тартып алғаны туралы дәлел бар. Алайда прокуратура бұған бейқам қарап отыр. Нәтижесінде мыңнан аса азаматтың құқығы аяқасты болды», – деді Ермұрат Бапи.
Депутаттың осы жолғы сауалына Нұрбол Назарбаевтан күш көргенін айтып, бизнесінен және барлық мүлкінен айырылған қарағандылық кәсіпкер Қуат Ерментаевтың арызы себеп болған.
Оның айтуынша, 2022 жылы Алматы қаласының прокуратурасы мен Экономикалық тергеу департаменті Ерментаевтың «PORUS» ЖШС-дегі үлесін рейдерлік жолмен тартып алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Алайда тергеу барысында Нұрбол Назарбаевтың есімі аталған соң, іс екі жылдан кейін «қылмыс құрамы жоқ» деген желеумен тоқтатылған.
«Істің не себепті тоқтатылғанын түсіну қиын емес. Алматы қаласының прокуратурасы Назарбаев әулетінің ығына жығылған. Құрметті Бас прокурор, сізге заң үйреткенім орынсыз болар. Алайда прокуратура мен Экономикалық тергеу департаменті қозғаған істі қайта көтеріп, әділ тергеу жүргізуге ықпал етуіңізді сұраймын», – деді депутат.
Бапи Бас прокурордан тергеу нәтижесін өзі ғана емес, елдегі әділетсіздіктен шаршаған қоғам да білгісі келетінін айтты.
«Берік мырза, Нұрбол Назарбаевтан зәбір көрген азаматтарға араша түсейік», – деп түйіндеді Ермұрат Бапи.