Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев президент Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында айтылған міндеттерді талқылап, нақты тапсырмалар берді деп хабарлайды Ertenmedia.
Әкімнің төрағалығымен өткен жиында Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» Жолдауын іске асыру шаралары талқыланды. Оған облыстық басқарма басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері, сондай-ақ қала мен аудан әкімдіктерінің қызметкерлері онлайн форматта қатысты.
Облыс әкімі Президенттің Жолдауында айтылған жеті негізгі міндетке жеке-жеке тоқталды.
Оның ішінде инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту, көлік-логистика саласын цифрландыру, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен су инфрақұрылымын жаңғырту, цифрлық даму бағытындағы кәсіпкерлердің рөлін күшейту және адами капитал арқылы экономиканы жан-жақты жаңарту мәселелері ерекше аталды.
Өңірде инвестициялық ахуал жақсарып, облыс құрылғаннан бері 1,2 трлн теңге инвестиция тартылған. Биылдың өзінде жалпы сомасы 37 млрд теңгені құрайтын 14 ірі жоба іске қосылмақ. Соның арқасында 830-дан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Әкімнің айтуынша, осы жобалардың жүзеге асуы үшін инвесторлармен жүйелі жұмыс жүргізіліп, арнайы экономикалық аймақтардың әлеуеті тиімді пайдаланылуы қажет.
«Өңдеу өнеркәсібінде жоғары технологиялық өндірісті дамытамыз. Әсіресе, өңіріміз үшін аса маңызды «Көксай» тау-кен байыту комбинатын салу жобасы басты стратегиялық бағыттардың бірі», – деді облыс басшысы.
Ауыл шаруашылығы саласында биыл 54,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 112,3%-ды құраған. Дегенмен, бұл көрсеткішті арттыру үшін өңірдегі ауылшаруашылық шикізатын өңдеу үлесін одан әрі көбейту маңызды.
«Президенттің тапсырмасы бойынша, біз өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық беруіміз қажет. Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін агрохабтар мен заманауи логистикалық орталықтар құру қажет. Озық агротехникалық тәжірибені енгізіп, ішкі нарықты сапалы ет, сүт және өзге де өнімдермен қамтып, экспорт көлемін арттыру міндеті тұр», – деді Бейбіт Исабаев.
Көлік-логистика саласында да бірқатар маңызды міндеттер белгіленді. Әкімдік өкілдеріне тасымалдау процесін басқарудың көпфункционалды цифрлық платформасын тезірек іске қосып, шекаралық аймақтарда тасымалдаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту тапсырылды.
Сондай-ақ, жиында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен су жүйелерін жаңғырту, суды үнемдеу технологияларын енгізу, елді мекендерді көркейту, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және кадрларды даярлау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Әкім кәсіпкерлердің цифрлық даму бағытындағы үлесін арттыруды да атап өтті.
Бұған қоса, облыста әлі де шешілмей отырған мәселелерге тоқталған аймақ басшысы мемлекет меншігіне қайтарылған жерлерді тиімді пайдалануды тапсырды. Электр желілерінің тозу көрсеткішін республикалық орташа деңгейге дейін төмендету міндетін жүктеді.
Сондай-ақ, әлеуметтік көмек мұқтаж азаматтарға ғана көрсетілуі тиіс екенін ескертіп, жауапты органдарға бұл бағыттағы жұмысты жергілікті жерлерде мұқият жүргізуді тапсырды.
«Қазір облыс үшін цифрландырудың маңызды кезеңі басталды. Заман талабына сай дамудың бірден-бір жолы жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды барлық салаға кеңінен енгізу. Сондықтан цифрлық даму басқармасы алдыңғы қатарда жұмыс істеп, білікті IT-мамандар даярлауға күш салуы керек. Бұл міндеттерді орындауға облысымыздың әлеуеті жеткілікті. Ортақ күш жұмылдырсақ, алға қойған мақсаттарымызға жететінімізге сенімдімін», – деді жиынды қорытындылаған Бейбіт Исабаев.
Фото: Жеңіс Ысқабай