Саясаттанушы Данияр Әшімбаев Қауіпсіздік кеңесі аппаратының Президент Әкімшілігі құрамынан шығарылуын аталған органның мәртебесін едәуір күшейтетін өзгеріс деп бағалады. Пайымынша, аппарат енді Ақордаға немесе Президент іс басқармасына ұқсас, Мемлекет басшысына тікелей бағынатын дербес құрылымға айналуы мүмкін, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президент Тоқаев бұған дейін Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары деген жаңа қызмет енгізілетінін мәлімдеген еді. Келесі күні Қауіпсіздік кеңесі аппараты Президент Әкімшілігінің құрылымынан шығарылып, Мемлекет басшысына тікелей бағынатын және есеп беретін органға айналатыны жөнінде ақпарат тарады.
Әшімбаевтың сөзінше, мұндай бөлініс 2019 жылы-ақ қарастырылған. Алайда іс жүзінде толық жүзеге аспаған. 2022 жылғы ақпанда Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығы заң жүзінде Президентке өткеннен кейін бұрынғы басқару тәртібі қайта орныққан.
Қауіпсіздік кеңесінің мәртебесі бірнеше рет өзгерді
Саясаттанушы аталған органның құрылымы мен басшылық жүйесі тәуелсіздік жылдарында талай рет жаңарғанын еске салды.
Қауіпсіздік кеңесі 1991 жылғы тамызда құрылды. 1993 жылғы маусымда төраға орынбасары лауазымы пайда болып, араға бір жыл салып Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болып өзгертілді.
1996 жылы кеңестің хатшылығы құрылды. Кейін оның құрамы ұлғайып, бірнеше бөлімнен тұратын аппаратқа айналды. Ал Қауіпсіздік кеңесі хатшысының мәртебесі әр кезеңде әртүрлі болды, кейде Президент көмекшісі деңгейінде саналса, кейде ондай мәртебеге ие болған жоқ.
«Қауіпсіздік кеңесінің мәртебесі үнемі өзгеріп отырды. Қазіргі өзгеріс аппаратты Президент әкімшілігінің ішкі бөлімшесінен Мемлекет басшысына тікелей бағынатын дербес органға айналдыруы ықтимал», – деп пайымдады Әшімбаев.
Аппарат дербес мемлекеттік органға айналуы мүмкін
Саясаттанушы жаңа құрылымды Жоғары сот кеңесінің аппаратымен салыстырды. Аталған аппарат 2015 жылы Президент әкімшілігінің бөлімшесі мәртебесінен шығарылып, жеке мемлекеттік орган болып қайта құрылған еді.
Әшімбаевтың бағалауынша, Қауіпсіздік кеңесі аппараты да осындай жолмен Ақорда немесе Президент іс басқармасымен қатар тұратын дербес құрылымға айналуы мүмкін.
2026 жылғы Конституцияда Президенттің Қауіпсіздік кеңесін құратыны жазылғанымен, органның нақты мәртебесі тарқатылып көрсетілмеген. Сондықтан оның құрылымы мен өкілеттігін айқындау Мемлекет басшысының құзырында қалады.
Орынбасар мен хатшы қатар қызмет ете ме?
Әзірге негізгі мәселенің бірі ашық қалып отыр. Қауіпсіздік кеңесі төрағасының жаңа орынбасары мен кеңес хатшысы екі бөлек қызмет ретінде сақтала ма, әлде бұрынғы хатшы лауазымының атауы өзгере ме, белгісіз.
Әшімбаевтың айтуынша, бүгінгі жарлықтың толық мәтіні, Қауіпсіздік кеңесі туралы ереже мен оның құрамы жарияланбаған. Сондықтан жаңа аппараттың нақты құрылымы мен қызметтік сатыларына қатысты түпкілікті қорытынды жасауға ерте.
2022 жылдан бері Қауіпсіздік кеңесінің құрамы мен ережесі ашық жарияланбай келеді. Саясаттанушының пікірінше, жаңа жүйенің шынайы сұлбасы алдағы кадрлық тағайындаулардан көрінеді.
Егер төраға орынбасары мен хатшы қатар сақталса, Қауіпсіздік кеңесінің басшылық құрылымы кеңейеді. Ал хатшы қызметі төраға орынбасары болып қайта аталса, өзгеріс басқару сатысын көбейтпей, лауазым мәртебесін көтерумен шектелуі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







