Президент Тоқаев Алакөлдегі сервистің нашарлығын сынағаннан кейін Үкімет пен Абай облысының әкімдігі арнайы комиссия жасақтап, демалыс аймағына аттандырды.
Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мен Абай облысы әкімдігі хабарлады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Премьер-министр Олжас Бектеновтың тапсырмасымен оның орынбасары Ермек Көшербаев пен Мәдениет және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Алакөлге жол жүреді. Олар туризм инфрақұрылымының сапасын тексеріп, олқылыққа жол берген жауапты тұлғаларды анықтап, оларға қатысты шара қолданады.
Сонымен қатар, Берік Уәлидің тікелей тапсырмасы бойынша Абай облысы әкімінің орынбасары Серік Түленбергенов те аудан басшылары және мемлекеттік органдар өкілдерімен бірге жағалауда шұғыл жиын өткізді.
Жиын барысында жағажайдың тазалығы, демалушыларға жайлы орта қалыптастыру, туристер қауіпсіздігі мәселесі талқыланды.
Қазіргі таңда Алакөлдің жағалауында құқық қорғау органдарының қатысуымен арнайы рейдтік шаралар басталды.
Әсіресе моторлы қайық иелерінің жұмысына ерекше бақылау орнатылды. Сауда орындары мен демалыс базаларында санитарлық талаптардың бұзылғаны анықталса, айыппұл салынады.
Абай облысы әкімдігі мәлімдегендей, жағажайдағы инфрақұрылымды ретке келтіруге облыстық бюджеттен 658 миллион теңге бөлінген. Ақша «Арбат» алаңын жөндеуге, жаңа қоғамдық демалыс орындарын ашуға, жағалау аумағын абаттандыруға жұмсалады.
Әкімдік дерегіне сәйкес, жағалауда 25 киім ауыстыратын кабина, 100 қоқыс жәшігі мен екі биодәретхана орнатылған. Дәретханалардың санын 8-ден 18-ге көбейту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, арнайы құтқару станциясының құрылысы басталды.
«Қазіргі кезде Арбат маңайын тазалау әр жарты сағат сайын, ал жағажай аумағын тазалау күніне үш мәрте жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады әкімдік.
Айта кетейік, Президент Тоқаев бұған дейін Алакөлдегі қызмет көрсету сапасының сын көтермейтінін, туристік инфрақұрылымның жеткіліксіздігін қатаң сынға алып, Үкіметке шұғыл түрде бұл мәселені шешуді тапсырған еді.