Қала десе көз алдымызға қызу тіршілік, әсем көшелер, адам аяғы арылмайтын алаңдар келеді. Алайда қазір заман талабымен бірге, Алматы да жылдам өзгеріп, жаңа цифрлық дәуірге бет бұруда. Бүгінде Алатаудың етегінде орналасқан алып шаһар ақылды қалалардың қатарына қосылды десек болады. Алматыда халықтың өмірін жеңілдету, қоғамның сұранысына жауап беру мақсатында қолға алынған үлкен бастамалар өз нәтижелерін беріп жатыр. Осы ретте Ertenmedia.kz сайтының тілшілері бұл бағыттағы атқарылған жұмыстарға талдау жасаған еді. Енді соған назар аударсаңыздар.
Алматы – Цифрлық білім беру орталығы
Соңғы жылдары Алматыда «смарт сити» ұғымы жай ғана ұран емес, нақты өмірге енген жүйе ретінде қалыптасты. Қала билігі цифрлық шешімдерді қарапайым тұрғынға барынша жақындатты. Осы бағытта білім, денсаулық, қоғамдық көлік саласында жүзеге асқан сан алуан жобалар бүгінгі Алматының бет-бейнесін түбегейлі өзгертті десек болады.
Алматыдағы білім саласы соңғы жылдары цифрлық серпілісті алғашқылардың бірі болып сезінді. Қаланың барлық мектептерінде, лицейлерінде және гимназияларында біртіндеп электрондық күнделік, қашықтан оқыту платформалары, білім беру контентін автоматтандыратын жүйелер енгізілгенін білеміз.
Мәселен, білім басқармасының ресми мәліметіне жүгінсек, бүгінде барлық мемлекеттік мектептер 100% интернетпен қамтылған, интерактивті тақталар, цифрлық зертханалар, «BilimLand» және басқа да оқу платформалары арқылы сабақ өту қалыпты құбылысқа айналған. Оқушылар мен ата-ана арасындағы байланысты жеңілдету үшін «Kundelik.kz», «Mektep.kz» сынды платформалар толықтай жұмыс істейді. Енді ата-ана баласының сабағын, бағасын, үй тапсырмасын ұялы телефонынан-ақ қадағалай алады.
Соынмен қатар Алматыда IT-мектептер мен инновациялық лицейлер саны айтарлықтай артқанын да айта кетуіміз керек. Жаңа оқу жылынан бастап робототехника, бағдарламалау, жасанды интеллект негіздері, инженерлік дизайн пәндері енгізіліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстың басты мәні – жаңа заман талабына бейім, тек тұтынушы емес, өз бетінше идея ұсына алатын, нарықта бәсекеге қабілетті жас буынды тәрбиелеу.
Оқушыларға арналған коворкинг-орталықтар, интеллектум, компьютерлік сыныптар, STEM-лабораториялар ашылды. Оқушылар қала көлемінде түрлі цифрлық байқаулар, хакатондар, робототехника жарыстарына қатысып, халықаралық деңгейде де үздік нәтижелер көрсетіп жүр. Білім беру мекемелерінде жасанды интеллект пен Big Data-ға негізделген үлгерім мониторингі жүйелері іске қосылған.
Жаңа мектептердің архитектурасы да өзгерді. Мектеп ішіндегі қауіпсіздік жүйелері – бейнебақылау, автоматты дабыл, кіру-шығу журналдары цифрлық форматқа көшті. Мектептерде ата-ананың жеке кабинеті, онлайн-төлем, онлайн-кеңес алу мүмкіндігі бар. Ал Алатаудың етегіндегі «Келешек мектебі» секілді жаңа мектептер – цифрлық трансформацияның нақты көрінісі.
Денсаулық сақтау: цифрға өткен дәрігер
Алматы еліміздегі денсаулық сақтау саласында цифрлық революция жасаған қалалардың бірі. Ең әуелі, барлық емхана мен аурухана бір базаға қосылып, пациенттің электрондық картасы енгізілді. Енді кез келген алматылықтың барлық анализі, тексеріс қорытындысы, вакцина тарихы цифрлы жүйеде сақталады.
Алматылықтар үшін емханаға тіркелу, дәрігер қабылдауына жазылу, рецепт алу – бәрі де электронды форматқа көшті. Электронды кезек жүйесі, телемедицина, қашықтан кеңес алу сервистері қала тұрғындарының уақытын үнемдеп, медициналық қызметке қолжетімділікті арттырды. Әсіресе соңғы пандемиядан кейін онлайн-кеңес беру, бейнеқоңырау арқылы диагноз қою тәжірибесі қалыпты жағдайға айналды.
Мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдарда жұмыс істейтін мобильді қосымшалар арқылы анализ қорытындысын көру, рентген, МРТ нәтижелерін алу оңайлады. «eGov» порталы, «DamuMed», «Qoldau24/7», «Saqbol» секілді қосымшалар тұрғындардың медицинаға қатысты деректерін қолжетімді етіп, қағазбастылықтан құтқарып отыр.
Емханаларда пациенттер легін басқару, адам көп жиналатын уақытты болжау, дәрігер жүктемесін автоматты түрде реттеу – мұның бәрі Big Data мен жасанды интеллект негізінде іске асып жатыр. Айта кету керек, қалада мобильді медициналық бригадалар, жедел жәрдемнің GPS-мониторингі, шұғыл медициналық ақпарат беру жүйесі дамып келеді.
Алматы қаласының әкімдігі созылмалы науқастарды қашықтан бақылау, қауіпті аурулардың алдын алу, вакцинация жүргізу, эпидемиологиялық мониторингті цифрлы жүйе арқылы басқаруды қолға алды. Бұл – медицина саласының жаңа деңгейге шыққанын айғақтайды.
Қоғамдық көлік – смарт аялдамадан QR-билетке дейін
Алатаудың етегіндегі алып қалада қоғамдық көлік саласы да соңғы жылдары біршама өзгерістер орын алғанын бәріміз білеміз. Әсіресе алматылықтардың күнделікті өміріне елеулі әсер еткен жаңалықтардың бірі – көлік қызметтерін цифрландыру.
Бүгінде қоғамдық көліктердің қозғалысы, кестесі, бағыты – барлығы онлайн жүйе арқылы бақыланады. Кез келген тұрғын «Onay», «AlmatyBus», «Yandex Go», «2GIS» секілді қосымшалар арқылы автобус қай жерде келе жатқанын, келесі аялдамаға неше минутта жететінін көре алады. Автобустар мен троллейбустарда электронды билет жүйесі толық енгізілген, QR-кодпен, банктік карта немесе NFC технологиясымен төлем жасау – үйреншікті нәрсеге айналды.
Соңғы жылдары «смарт аялдама» жобасы белсенді іске асқанын білеміз. Негізгі аялдамаларда цифрлық табло, ақпараттық экран, тегін Wi-Fi, USB-зарядтау құрылғылары бар. Бұл тек жайлылық емес, мегаполис тұрғындарының күнделікті өмірін жеңілдететін маңызды құрал.
Қоғамдық көлік бағыттарын оңтайландыру, трафикті басқару үшін жасанды интеллект жүйелері қолданылады. Қаладағы қоғамдық көлік қозғалысының барлық деректері орталық жүйеге біріктіріліп, жолаушылар ағынын болжау, жүктемені бөлу, кептелістерді азайту мақсатында Big Data технологиялары пайдаланылады.
Жаңа жобалардың арқасында Алматыда қоғамдық көліктің экологияға әсері де төмендеп келеді. Электробустар саны артып, экологиялық таза көлік түрлері енгізілуде. Қалалық әкімдік такси нарығын да реттеп, онлайн сервис арқылы рұқсатсыз қызмет көрсететін автокөліктерді анықтау жұмысын жүргізіп отыр.
Қаланың цифрлық қауіпсіздігі және инфрақұрылымы
«Ақылды қала» ұғымы – тек қызмет көрсетудің цифрлануы емес, сонымен бірге қоғамдық қауіпсіздік, деректерді қорғау, қалалық инфрақұрылымды тиімді басқару деген сөз. Алматыда цифрлық бейнебақылау жүйесі (Safe City), интеллектуалды жол қиылыстары, автоматтандырылған көлік ағындары, экологиялық мониторинг станциялары орнатылған.
Әкімдік пен полиция «Сергек» камералары, интеллектуалды бақылау жүйелері арқылы жол қозғалысын реттейді, құқықбұзушылықтың алдын алады, тұрғындардың қауіпсіздігін арттырады. Деректерді жедел жинау, өңдеу, шешім қабылдау – бәрі цифрлық форматта.
Су, жарық, жылу сияқты өмірлік маңызды инфрақұрылымдар да «ақылды жүйелерге» көшіп жатыр. Үйлер мен кеңселерге есептеуіш құрылғылар қойылып, коммуналдық қызметтерді онлайн төлеу, ақау туралы автоматты хабар беру жүйелері енгізілуде.
Алматыда қоғамдық орындарда, саябақтар мен алаңдарда тегін Wi-Fi желісі кеңейіп, халыққа цифрлық қызметтің қолжетімділігі артып келеді. Цифрлық трансформация саласында қалада бірқатар стартаптар, IT-инкубаторлар, жастар хабтары белсенді жұмыс істейді.
Алматының цифрлық бастамалардың арқасныда қалада жаңа мәдениет, жаңа өмір салты қалыптасуда. Қала қазірдің өзінде білім, медицина, қоғамдық көлік, қауіпсіздік, инфрақұрылым салаларында Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның үздік тәжірибелерінің көшбасшысы болып отыр.
Алатаудың етегіндегі ақылды қала – бұл қағазсыз кеңсе, цифрлы білім, электронды медицина, интеллектуалды көлік жүйесі, қауіпсіз әрі жайлы мегаполис. Бұл – күнделікті өмірде уақыт пен энергия үнемдейтін, барлық қызмет түрін бір жерден онлайн ала алатын, халықтың сұранысына сай өзгеретін жаңа заманның Алматысы.
Жарбол Кентұлы