Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек қазақстандықтардың зейнетақы жинағын стоматологиялық қызметтерге пайдалануға тыйым салу бастамасына қарсы шықты деп хабарлайды Ertenmedia.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі азаматтардың зейнетақы жинағын тіс емдеуге жұмсауына толықтай тыйым салуды ұсынған болатын. Депутаттың айтуынша, мұндай ұсыныс алаяқтардың әрекетіне байланысты туындаған. Олар емдеу қызметін сылтауратып, миллиардтаған қаржыны заңсыз шешіп алған.
«Отбасы банкінен алынған мәлімет бойынша, бұл салада миллиардтаған теңге қаржы заңсыз шығарылғаны анықталып отыр. Енді сол үшін халықтың құқығын шектеу ақылға сыймайды.
Алаяқтық жасағандар қылмыстық жауапқа тартылуы керек. Осындай әрекеттерге барған клиникалар мен стоматологияларға қатысты тергеу жүргізіп, лицензияларын кері қайтарып, есіктеріне құлып салу қажет.
Бірақ қарапайым азаматтардың құқығын бұлайша аяқасты ету дұрыс емес», – деді Бақытжан Базарбек Мәжіліс кулуарында.
Депутаттың пікірінше, қылмыскерлердің әрекетімен заң жүзінде күресу керек, ал қарапайым халықтың зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігі сақталуы тиіс.