Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов Наурызбай ауданындағы салынып жатқан әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысып қайтты. Сапар барысында мектеп, балабақша мен емхананың құрылыс барысын көріп шықты.
Құрамыс шағынауданында әкімнің орынбасары «Bazis Construction» ЖШС салған 1500 орындық жайлы мектепке барды. Бейбіт Шаханов Құрылыс басқармасына мектепті Білім басқармасының иелегіне өткізуді жеделдетіп, 15 қыркүйекке дейін инженерлік және коммуникациялық желілерді іске қосу жұмыстарын толық аяқтауды тапсырды.
Сондай-ақ, осы шағынаудандағы ауысымына 500 адам қабылдайтын емхананың құрылысын көрді. Мұнда «MIR-A Construction» ЖШС монолитті жұмыстар жүргізіп жатыр. Сапар барысында әкімнің орынбасары жұмысшылар санын арттырып, құрылыс-монтаж жұмыстарының қарқынын күшейтуді міндеттеді.

Бұған қоса, Құрамыс пен Шұғыла шағынаудандарында 320 орындық балабақшалардың, сондай-ақ Шұғыладағы (Еңбек көшесі) 340 орындық жатақханасы бар мектептің құрылысына баса назар аударылды. Құрылыс компанияларының мәліметінше, нысандар шамамен 70-85% дайын. Құрылыс басқармасына жұмыс сапасын бақылауды күшейту тапсырылды. «Астана-Стройинвест» корпорациясына қазан айының басына дейін балабақшаларды, ал айдың соңына дейін мектепті толық аяқтау міндеттелді. Сонымен қатар, мердігерге жасыл желек пен көгалды күтіп-баптау үшін өз қаражаты есебінен қосымша автосуару жүйесін орнату жүктелді.
– Балалар өзінің мектебіне тезірек оралуы қажет. Сондай-ақ, аумақты абаттандыру және көгалдандыруға ерекше мән беру керек. Ағаш егіп, балаларға ыңғайлы әрі әсем аула жасаңыздар, – деді Бейбіт Шаханов.
Балабақшаларды аралау барысында әкімнің орынбасары балаларға жасалып отырған жағдайға тоқталып, олардың қауіпсіздігі мен жайлылығы басты назарда болуы керектігін атап өтті.

Әлеуметтік нысандардың құрылысы қала әкімдігінің үнемі бақылауында. Бұл жобалардың уақытылы аяқталуы Наурызбай ауданы тұрғындарын заманауи білім беру және медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуде ерекше маңызға ие.