Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов Индустриялық аймаққа барып, бірнеше маңызды жобаның қалай іске асып жатқанын көріп қайтты. Қаладағы өндіріс орындары көбейіп, жаңа жұмыс орындары ашылуы үшін атқарылып жатқан жұмыстар әкімдік тарапынан жіті бақылауда, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сапар кезінде Олжас Смағұлов ең алдымен «Qazaq Prom Stroy» зауытына барды. Мұндағы құрылыс жоспардағы мерзімнен кешігіп қалған. Әкімнің орынбасары жұмыстың баяу жүріп жатқанын ескертіп, құрылысшыларға нақты тапсырма берді.
– Кестеден қалуға жол жоқ, жұмысты жеделдету қажет, – деді ол нысан басында.
Осындай тапсырма «TMT Group» компаниясы салып жатқан балық өңдеу зауыты бойынша да берілді. Бұл кәсіпорын толық іске қосылғанда қалада жаңа өндіріс орны ашылып, экспорттық өнім көлемі арта түседі.
Индустриялық аймақтағы тағы бір маңызды бағыт шағын өнеркәсіптік парктердің дамуы. Сапар барысында «Severpark», «Капстройгрупп-Т» және «ПромПарк» жобалары талқыланды. Олжас Смағұлов парктердің заманауи талаптарға сай болуы, құрылыс сапасының жоғары деңгейде орындалуы қажет екенін атап өтті.

Әкімнің орынбасары бұдан бөлек, дайын өнім шығарып жатқан жеңіл және тамақ өнеркәсібінің шағын өндіріс парктеріне де кіріп шықты. Ондағы жұмыс процестерін көріп, кәсіпкерлердің ұсыныстарын тыңдады.
Қала әкімдігі бұл жобалар Алматының өндірістік әлеуетін күшейтіп, инвесторлар үшін тартымды орта қалыптастырады деп отыр. Индустриялық аймақтағы белсенділік жаңа жұмыс орындары ашылуына, жергілікті экономиканың дамуына оң әсер етеді.

