Алматы қаласының Индустриалды аймағында тротуар плиталары мен бетон жиектерін шығаратын зауытқа ауқымды жаңғырту жүргізілді. Инвестициялардың жалпы сомасы 1,2 млрд теңге болды, оның 25%-ы инвестор есебінен қаржыландырылды («СК Рахат» ЖШС), ал қалған 75%-ы «Даму» қорының субсидиялау бағдарламасы аясында қарыз капиталымен қамтамасыз етілетінін Алматы қаласының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы хабарлады, деп жазады Ertenmedia.kz..
Жоба аясында әлемдегі жетекші өндірушілердің заманауи жабдықтары сатып алынды. Олар ұсақ бөлшекті бетон бұйымдарды шығаруға арналған HESS Group (Германия) желісі, өнімдердің төзімділігін арттыратын ROTHO-Stabil (Германия) камерасы, өнімді тікелей байлайтын VR-80 машинасы және автоматты түрде орайтын RA100 (Италия) машинасы, сондай-ақ полимермен қапталған технологиялық поддондар (Польша) да бар.
Айта кетейік, алғашқы Hess Maschinenbrik GmbH өндірістік желісі 2023 жылдың мамырында іске қосылған. 2024 жылдың соңына қарай зауыт 153 мың шаршы метр тротуар плиталарын өндірді, орташа айлық көлемі 9 мың шаршы метр, бұл жобалық қуаттың 36 пайызы.
Жүргізілген жаңғырту жұмыстарынан кейін бір ауысыммен жұмыс істеген жағдайда өнім шығару көлемі айына 25 мың шаршы метрге дейін ұлғаяды. Екі ауысымдық режимге көшкен жағдайда, өнім көлемі тіптен көбейеді. Өндіріс процесін толық автоматтандыру өнімнің сапасын жақсартады, ауқымды үнемдеу арқылы өзіндік құнды төмендетеді, шикізатқа, материалдарға жұмсалатын шығынды азайтып, жұмыс күшін оңтайландырады.
Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 180 текше метр автоклавты газды бетон мен 750 мың шаршы метр темір бетон шығаруға жетеді. Барлық өнімдер қолданыстағы мемлекеттік стандартқа сәйкес шығарылып, негізінен жергілікті шикізаттан өндірі қолданылады.
Бұрын зауыттың толық автоматтандырылмауы өнім шығаруға кедергі болған. Яғни, өнімді экспозициялау, жинау және қоймада сақтауды қоса алғанда, өндірістік операциялардың бір бөлігі қолмен жүзеге асушы еді. Енді барлық процестер толығымен автоматтандырылып, кәсіпорынның өнім шығару деңгейі едәуір арта түсетін болды.

