Алматыда балалар киносына қатысты ірі жанжал шықты. Жарнамаға түскен актерлер жобаға қатысы жоқ екенін мәлімдеп жатыр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әлемжелідегі жарнамадан кейін жүздеген ата-ана балаларын «ерекше киножобаға» кастингке әкелген. Жобаны ұйымдастырушылар кино түсіріп, премьераны лимузинмен, қызыл кілеммен атап өтуге уәде еткен. Балалардың басым бөлігі бірден басты рөлдерге өтіп, ұйымдастырушылар қатысу ақысына 1,5 миллион теңге сұраған.
«Қызымның арманын орындау үшін несие алуға мәжбүр болдық», – дейді жобаға қатысушы баланың анасы Юлия Мазепина КТК-ға берген сұхбатында.
Жалпы зардап шеккендер саны төрт мыңнан асып, келген шығын көлемі 6 миллиард теңгеге жеткен. Ата-аналар ақшаны қайтару үшін Алматыдағы компания кеңсесіне барған, алайда ол жабық болып шықты.
Танымал актер не дейді?
Жарнамаға түскен актерлер жобаға қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Кейбір ата-аналар компанияның негізін қалаушы деп санайтын актер Жан Байжанбаев бұл ақпаратты жоққа шығарды:
«Мен компания иесі емеспін, жай ғана актермін. Компанияның аты Jan Production болғаны үшін Ержанға рахмет. Ол менің өнерімді құрметтеп, осы атауды таңдапты», – деді Байжанбаев.
Компания басшысы Ержан Едгебаев қаржылық қиындықтар туындағанын мойындады.
«Біз қазір тығырықтан шығуға тырысып жатырмыз. Компания банкротқа ұшыраған жоқ, керісінше, қайта түсіру процесін қалпына келтірмекпіз. Егер жоспарымыз жүзеге аспаса, ақшаны қайтарамыз», – деді ол.
Дегенмен ата-аналар күтуден бас тартып, полицияға жүгінді. Қазір «Алаяқтық» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Полиция тергеу жүргізіп, студия қызметкерлері мен басшыларынан жауап алып жатыр.
Тағы жүзге жуық адамның полицияға арыз дайындап жатқаны белгілі болды. Егер ұйымдастырушылардың кінәсі дәлелденсе, компания басшысына жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Ал жарнамаға қатысқан актерлер жауапкершілікке тартылмайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







