Алматы қаласының туризм басқармасының мәліметінше, 2025 жылы қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша туристік саладағы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 113,2 млрд теңгеге жетті. Бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 47,4% көп, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2025 жылы бірінші жартыжылдықта саланың жалпы қосылған құны 559,3 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың алты айымен салыстырғанда екі есе жоғары әрі туристік сектордың экономикалық маңыздылығы артып келе жатқанын көрсетеді.
Қаладағы орналастыру нарығында да айтарлықтай өзгеріс бар: Алматыдағы нөмірлік қор 12 552 нөмір (өсім 8%), 377 орналастыру орны жұмыс істейді, бір мезетте 22 768 адам қабылдай алады.

2025 жылдың басынан бері туризм индустриясында жеке инвестор есебінен 34 жаңа нысан іске қосылдв. Олардың ішінде: 11 қонақ үй, 1 глэмпинг, 1 капсулалы қонақ үй, 18 хостел, 3 демалыс базасы кіреді.
Сонымен қатар 6 794 нөмірге арналған 58 қонақ үй құрылысы жобасына және туристік нысандарды жобалау мен салудың 35 жобасына тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр.
– Инвестицияның артуы кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндік ашады, туристік қызметтің аясын кеңейтуге және заманауи сервис стандарттарын енгізуге жағдай жасайды. Басты басымдық маусымаралық кезеңде нысандардың жүктемесін арттыру, MICE-бағытын дамыту және шетелдік қонақтарға сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету, – деді Алматы қаласы туризм басқармасының өкілдері.

