Ресейдегі экс-елбасы Назарбаевтың иелігіндегі «Азия-Тынық мұхит банкі» (АТБ) былтыр күреп табыс тауып, аста-төк пайдаға кенелген деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Соңғы 5 жылда банктің таза табысы ғарыштық жылдамдықпен өсіпті. «Теңізге бастар жол» телеграм арнасының мәліметінше, 2021 жылы небәрі 1,5 млрд рубль пайда тапқан банк, былтыр 16 млрд рубль (102 млрд теңге) кіріс көрген. Әлгіндей көрсеткішпен АТБ еліміздегі ірі банктердің ондығына салып ұрып кірер еді.
Ресей Орталық банкінің есебінше былтыр ресейлік банк секторының табысы шамамен 8%-ға төмендесе, Назарбаев бақылайтын АТБ-ның таза кірісі бірден 50%-ға шарықтаған.
Соңғы 5 жылда банктің активтері де 134,5 млрд рубльден 338 млрд рубльге дейін өскен.
Қазір ме, қазір АТБ көршіміздегі 30 іргелі банктің сапында тұр.
3,4 млрд доллар қолма-қол ақша…
«Назарбаев қоры бақылайтын Pioneer Capital Invest активтерінің жалпы сомасы 7,8 млрд доллардан асып жығылады. Қорға Jusan қаржы тобы, жылжымайтын мүлік, жеке ұшақ, бірнеше қазақстандық медиа, АҚШ-тың қазына векселдері, Қырғызстан мен Қазақстанның мемоблигациялары, сондай-ақ 3,4 млрд доллар көлемінде қолма-қол ақша кірген», — деп жазады осы тұста телеграм арна.
Осыдан төрт жыл бұрын Jusan тобының активтерін елге қайтару бойынша ұзаққа созылған күрес жүрген. Әулет бір жыл бойы арпалысып, ақыр соңы Жаңа Қазақстанмен мәмілеге келген-ді. Нәтижесі? Нәтижесінде Назарбаевтар бірнеше миллиард долларға бағаланған активтері үшін бар-жоғы 127 миллион доллар «өтемақы» алған.
Айтпақшы бір уақытта АТБ Батыс санкциясына ілігуге шақ қалған. Тізімге кіруі тиіс 15 ресейлік банктің ішінде осы қаржы ұйымы да болған еді. Алайда ақыр соңы Батыс идеологтары Назарбаевтың АТБ-сы мен Құлыбаевтың «Халық банкіне» қарасты «Москоммерцбанкті» тізімнен сызып тастаған.
Нұрекеңнің Путинмен жиі жүздесуі банктің Ресейдегі тұрақты жағдайын қамтамасыз етудің стратегиясы деген болжам бар.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

