Бразилиядан Ақтау қаласына Чикаго Конвенциясының 13 қосымшасына сәйкес Embraer әуе кемесін өндіруші зауыттан арнайы өкілдер келді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Қазақстанның Көлік министрлігі мәліметінше, тергеп-тексеру жөніндегі комиссия авиациялық оқиға орнына барып, алдағы жұмыстарды айқындаған.
«Алдағы күндері елімізге CENIPA өкілдері (авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығы) келеді деп күтіліп отыр», — деп жазылған хабарламада.
25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл — Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы. Ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған. Жолаушылар рейсі қатты тұманға байланысты Грозныйға қона алмаған, алдымен Махачкалаға, содан кейін Ақтауға бағытталған.
Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды.