АҚШ президенті Дональд Трамп әзірде ғана Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен сауда мәселесіне қатысты жемісті әңгіме өрбіткенін мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.
Ақ үйден шығып бара жатқан сәтте журналистерге қысқаша жауап берген Трамп әңгіменің жай-жапсарын толық ашпағанымен, пікір алмасудың «өте жақсы өткенін» жеткізді.
Екі ел арасындағы бүгінгі диалогтың маңызы зор. Себебі өткен айдан бастап АҚШ Қазақстаннан импортталатын тауарларға қосымша 25 пайыздық баж салығын енгізген болатын.
Осыған орай, Президент Тоқаев бұған дейін Трампқа жолдаған хатында екі тарап арасындағы сауда мәселелерін талқылауға дайын екенін айтқан еді.
Жалпы, АҚШ пен Қазақстанның өзара тауар айналымы 2024 жылы 4,2 млрд долларға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда аздап өскен. Қазақстан экспортының басым бөлігін мұнай шикізаты құрайды (56,2%).
Бұдан бөлек, Америка нарығына уран, ферроқорытпа және бағалы металдар жөнелтіледі.
24KZ арнасының Орта Азияға сапар жоспары туралы сұрағына жауап берген Дональд Трамп:
«Қазақстанға баруым әбден мүмкін. Тоқаевқа менен дұғай-дұғай сәлемімді жеткізіңіздер. Ол жақсы адам», – деп пікір білдірді.
Айта кетерлігі, Қазақстан мен АҚШ арасында кеңейтілген стратегиялық әріптестік 2017 жылдан бері жалғасып келеді. Қос мемлекет арасындағы негізгі басымдық сауда-экономикалық байланыстар мен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық.