Президент Тоқаев келер жылы Майамиде өтетін G20 саммитіне арнайы қонақ ретінде шақырылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің Truth Social желісінде мәлімдеді. Ақ үй басшысы бүгін таңертең Қазақстан және Өзбекстан басшысымен телефон арқылы тілдесіп, мазмұнды әңгіме өрбіткенін айтты.
«Әңгіме барысында қазіргі халықаралық шиеленістерді бейбіт жолмен реттеудің маңызын, сауда-саттық пен өзара әріптестікті кеңейту мәселесін талқыладық. АҚШ-тың осы елдермен қарым-қатынасы әдемі деңгейде және одан әрі де нығая түседі. Келер жылы Майамиде өтетін G20 саммитіне аталған екі елдің көшбасшыларын құрметті қонақ ретінде шақыруға ниеттіміз», – деді Трамп.
«Үлкен жиырмалық» туралы не білеміз?
«Үлкен жиырмалық» немесе G20 әлемдегі экономикасы қуатты мемлекеттердің көшбасшыларын біріктіретін ықпалды форум. 1999 жылы негізі қаланған ұйым жаһандық саясат, қаржы нарығы мен экономикалық ынтымақтастықты талқылаудың негізгі алаңы. G20 құрамында АҚШ, Қытай, Еуроодақ сынды ірі ойыншылар бар.
Ақорда таратқан мәліметке сүйенсек, әңгіме барысында Тоқаев пен Трамп екіжақты байланыстарды тереңдетумен қатар, Украинадағы ахуалды да жан-жақты сөз еткен.
Президент Тоқаев қараша айындағы Уашиңтон сапары барысында қол жеткізілген барлық келісімді толық орындауға дайын екенін жеткізген.
Мемлекет басшысы Мәскеу мен Киевті ақылға келуге шақырып, жанжалдың бейбіт шешімін табуға шақырыпты. Сонымен бірге Астананың осы мәселеде араағайын болмағанымен, қажет жағдайда келіссөз жүргізуге алаң ұсынуға дайын екенін ескерткен.
Әңгіме соңында Тоқаев Трампты қалаған уақытында Қазақстанға арнайы сапармен келуге шақырды. Президент бұл оқиға екі ел қарым-қатынасындағы айшықты оқиға болатынын атап өтіпті.
Айта кетелік, бұған дейін Уашиңтонға сапарлаған Тоқаев саммиттің вайбын жоғары бағалап, Ақ үйдегі кездесудің былтыр Байден өткізген жиыннан бөлек болғанын атап өткен.
«Осы жолғы жиында Орта Азияның рөліне тереңірек мән берілді», – деген еді Қазақстан басшысы.
Бұдан бөлек Ertenmedia «Ақ үй қазақ вольфрамын Бейжіңнен бұрын қармап кеткенін» егжей-тегжейлі жазған болатын.

