Ресейлік әнші Ақмал Қостанайдағы концертінің өтпей қалғанын мәлімдеді. Концерттің тосыннан тоқтауына оның сахнадағы өрескел сөзі себеп болған, деп хабарлайды Ertenmedia.
Әншінің сөзіне сенсек, шығармашылық топ Қостанай филармониясының сахнасына шығуға әзір отырған. Бірақ кенеттен концерт залында жарық сөніп қалып, іс-шара тоқтаған.
«Жарық қайта қосылса, концерт беруге дайын едік. Өкінішке қарай, жағдай солай болды. Бірақ кешті түпкілікті тоқтату туралы ойымыз жоқ. Жақын күндері қайта оралып, міндетті түрде концерт береміз», – деп ақталды Ақмал филармония ғимаратының алдында жиналған көрермен алдында.
Алайда оның Қостанайдан бұлай тез қайтуының шынайы себебі басқа.
Бұған дейін Қызылжарда өткен концертте әнші көрермен сыйға тартқан көк-сары түсті (Украинаның жалауынан аумайтын) пакетке қарап: «Мынаны жағып жіберіңдер, түсі ұнамай тұр», – деп өзінің басқыншылық ұстанымын анық аңғартқан болатын.
Желідегі жұрт дүр көтеріліп, Ақмалдың ит терісін басына қаптаған әрі Путин агрессиясын қолдайтын әншінің концертін мүлдем өткізбеуді талап еткен.
Айта кетейік, Ақмал Қожаниязов (Akmal’) Түркіменстанда туған, ұлты ұйғыр ресейлік әнші. Қазақстанда гастрольдік сапарда жүрген ол тағы екі қалада концерт беруді жоспарлап отыр екен.
Осы мәселеге орай пікір білдірген қоғам белсендісі Руслан Түсіпбековтің айтуынша, орта ғасырдың өлшемімен ойлайтын Ақмал секілді ақылы таяз қауымға біздің жерде орын жоқ.
«Өскемен мен Павлодардағы концерт те «техникалық себеппен» өтпей қалуын тілейміз. Украина ту түстес пакетті өртеп жіберуді ұсынған Ақмалдың алды-артына бір уыс топырақ», — дейді ол.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Тоқаев тапсырмасынан кейінгі төтенше шешім: ҰҚК орынбасары неге ауысты

