Ақорда баспасөз қызметі президент Тоқаевтың Жолдауда қоғамдық тәртіп бұзушылық контексінде әйелдерге қатысты айтқан сөзінің мәнін түсіндірді деп хабарлайды Ertenmedia.
Ақорданың мәлімдеуінше, Президенттің халыққа Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық саладан бастап, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, су ресурстары, білім беру мен спортқа дейінгі барлық маңызды мәселе қамтылған.
Соның ішінде Мемлекет басшысы елдің дамуындағы басты қағиданың бірі ретінде «Заң мен тәртіпке» ерекше екпін түсірді.
«Президент заң бұзушылықтарға қатысты «нөлдік төзімділік» танытуға шақырды.
Осы тұста ол «қоғамдық тәртіпті бұзушылардың арасында, өкінішке қарай, әйел адамдар да бар» екенін айтты. Мұны кейбір адамдар сын немесе кінәрат ретінде қабылдады. Алайда, Президент сөзінің мәні мүлде басқа.
Әйел заты ежелден нәзіктіктің, әдептілік пен үйлесімділіктің символы болып саналады. Егер бүгінде әйелдер де жанжал мен құқық бұзушылыққа жиі араласатын болса, демек, біздің қоғамда мәдени дағдарыс тереңдеп кеткен деген сөз», – делінген хабарламада.
Ақорданың айтуынша, Президенттің сөзі ешқандай да сын немесе кінәлау емес. Ол қоғамдағы сыйластық мәдениетін қалпына келтіруге, дөрекілік пен ашудан арылуға үндеген барлық азаматтарға арналған шақыру.
«Қазір қоғамда бір-бірімізге құрметсіздік танытатын оқиғалар көбейіп кетті. Жолда, кезекте, вокзалдар мен ұшақтарда түрлі агрессия мен дөрекілікке куә болудамыз. Бұл біздің менталитетіміздің бір бөлшегіне айналмауы тиіс. Сондықтан, Президенттің айтпағы адамдар арасындағы қарым-қатынас мәдениетін, этиканы, әдептілікті сақтау қажеттігі. Мұндай жауапкершілік әйелдердің ғана мойнына жүктеліп отырған жоқ, ол бүкіл қоғамның міндеті», – дейді Ақорда.
Сонымен қатар, баспасөз қызметі Президенттің әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға үнемі ерекше назар аударатынын еске салды.
«Әйелдер мен балаларға қатысты кез келген дөрекілік пен арандатушылыққа жол беруге болмайды. Мемлекет басшысы мұндай фактілерді болдырмау үшін көптеген шараларды, соның ішінде заңнамалық өзгерістерді жүзеге асырды.
Мысалы, Президенттің бастамасымен партиялық тізімдер мен депутаттық мандаттарды бөлуде әйелдерге арналған квота заңмен бекітілді. 2021 жылы еңбек саласында әйелдерді кемсітушілікке тыйым салатын заң қабылданды. Бала күтімі бойынша төленетін жәрдемақы мерзімі бір жарым жылға ұзартылды. Ішкі істер министрлігінде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы басқарма құрылды.
Тергеуші әйелдердің мамандануын енгіздік. Барлық өңірлерде отбасыны қолдау орталықтары ашылды, 111 байланыс орталығы құрылды. 2024 жылы әйелдер мен балаларға қарсы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді. Биылғы жылы сталкинг пен мәжбүрлі некеге тұрғызғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді», – деп түсіндірді Ақорда.
Осындай шаралардың нәтижесінде соңғы бес жылда әйелдер мен балаларға қарсы жасалатын зорлық-зомбылық оқиғалары екі есеге азайған.
«Бұл Мемлекет басшысының соңғы жылдары жүзеге асырған бастамаларының бір бөлігі ғана. Бірақ осы мысалдардың өзінен-ақ Президенттің әйелдер мен балаларға деген қамқорлығы тек сөз жүзінде емес, нақты іспен көрініп тұрғанын байқауға болады», – деп түйіндеді Ақорда.