Қазақстан экономикасы кейінгі жылдары шетелдік инвесторлардың елден кету үрдісіне тап болып отыр деп жазады Ertenmedia.
UNCTAD деректеріне сенсек, 2024 жылы Қазақстан алғаш рет шетелдік инвестицияның теріс көрсеткішін тіркеп, 2,55 миллиард доллар қаражат елден шығарылған.
Бұл 1992 жылдан бергі уақыт ішінде тіркелген алғашқы жағымсыз статистика.
Бұған дейін еліміз инвестиция тарту бойынша Орта Азияның көшбасшысы саналатын, алайда қазір бұл орынды Өзбекстан басып озып, былтыр 2,8 млрд доллар инвестиция тартқан.
Сарапшылар мұның себебін ірі өнеркәсіптік жобалардың аяқталуымен, әсіресе Теңіз кенішіндегі ірі жұмыстардың бәсеңдеуімен байланыстырады.
Сонымен бірге, капиталды БАӘ және офшорлық аймақтарға шығарудың белең алуы да Қазақстанға кері әсер етіп жатыр деген пікірде саясаттанушы Марат Шибұтов.
Осындай сын-қатерлердің аясында Қазақстан билігі инвесторлардың құқықтарын қорғап, оларға қысымды азайту мақсатында кешенді шаралар қабылдап отыр.
Бас прокуратура соңғы бір жыл ішінде ғана 225 шенеуніктің инвесторға заңсыз қысым көрсеткені үшін жауапқа тартылғанын мәлімдеді. Прокуратураның арнайы бақылауында жалпы құны 64 триллион теңгені құрайтын 1130 инвестициялық жоба тұр.
Жаңа енгізілген «прокурорлық сүзгі» инвесторларға жасалатын заңсыз тексерістер мен қысымдарды азайтуда шешуші рөл атқарды.
Енді мемлекеттік органдар прокуратураның келісімінсіз инвесторларға қатысты ешқандай тексеріс жүргізіп, лицензияларын кері қайтарып немесе келісімшарттарын бұза алмайды.
Соның нәтижесінде прокурорлар 880 заңсыз шешімді тоқтатып, 360 негізсіз тексеруді, 330 әкімшілік істі және 200 шектеу шараларын болдырмаған. Осының нәтижесінде инвесторларға қатысты әкімшілік және қылмыстық істер екі есеге дейін қысқарған.
Дегенмен, бұл шаралар шетелдік капиталдың Қазақстанға деген қызығушылығын толықтай қалпына келтіре ала ма?
Экономистердің айтуынша, инвесторлар үшін құқықтық және салықтық тұрақтылықтан бөлек, елдің жалпы инвестициялық тартымдылығы маңызды. Сондықтан инвесторларға қысымды азайту ғана емес, сонымен қатар елдің макроэкономикалық және саяси тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібінен түспей тұр.
«Халықаралық деңгейдегі бәсекелестік жағдайында елдің шетелдік инвесторлар үшін тартымды болуы аса маңызды. Олай болмаған жағдайда, Қазақстанның қаржылық капитал үшін тартымды аймақ ретіндегі беделін қайтару қиынға соқпақ», — дейді осы орайда Ertenmedia-ға пікір білдірген қаржы маманы Айбар Олжаев.