Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов орынбасары Гүлбарам Мұсағазинаның ұсталуына байланысты пікір білдірді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әкімнің айтуынша, Мұсағазина 11 ақпан күні өз еркімен қызметінен босату туралы өтініш берген.
«Бүгінде Гүлбарам Мұсағазинаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Заң бойынша мемлекеттік органдар тергеу барысына араласа алмайды, қандай да бір баға беруге де құқылы емес. Бұл істің жан-жақты әрі әділ қаралатынына сенемін», – деді Құмар Ақсақалов.
Мұның алдында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қостанай облысы әкімінің орынбасарының ұсталғанын растаған еді. Қазір іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Гүлбарам Мұсағазина Қостанай облысы әкімінің орынбасары лауазымына 2024 жылдың шілдесінде тағайындалған болатын.
Контекст
Мұсағазинаның есімі өңірдегі денсаулық сақтау саласын дүр сілкіндірген ірі жемқорлық ісімен байланысып отыр.
Аталған іс бойынша Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Данияр Жандаев, оның орынбасары Ерболат Доспанов және Қарасу аудандық ауруханасының бас дәрігері Владимир Голубев ұсталған.
Тергеу бұларға мемлекеттік емхана мен ауруханаларға медициналық жабдықтарды сатып алу барысында ірі көлемде пара алды және бюджет қаржысын талан-таражға салды деген айып тағуда.
Қостанай облысының прокуратурасы босы іске байланысты қазынаға 2 миллиард теңгеден астам шығын келгенін мәлімдеген. Тергеу материалында медициналық мекемелерге нарықта сұранысы жоқ құрал-жабдықтар бірнеше есе қымбат бағаға сатып алынып, бюджет қаржысы мақсатсыз жұмсалғаны айтылған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

