2025 жылдың басынан бері Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының «Қорғас» теміржол бақылау-өткізу бекеті арқылы Қытай–Еуропа және Қытай–Орталық Азия бағыттары бойынша 7 мыңнан астам пойыз өткен деп хабарлайды Ertenmedia «Синьхуа» агенттігіне сілтеме жасап.
Қытай теміржолы корпорациясының Үрімжідегі бөлімшесінің хабарлауынша, соңғы уақытта Қытай–Еуропа бағытындағы пойыздардың қозғалысын оңтайландыру мақсатында «Қорғас» теміржол станциясының әкімшілігі Қазақстанмен теміржол байланысын күшейткен.
2025 жылдың мамырынан бастап «Қорғас» бекетінде цифрлық технологияларды қолданатын «ақылды теміржол бақылау-өткізу бекеті» іске қосылған.
Соның нәтижесінде импорттық тауарлардың өту уақыты бұрынғы 2-3 күннен 16 сағаттан аз уақытқа дейін қысқарып, жалпы кедендік рәсімдеудің тиімділігі 50 пайыздан астам артқан.
Бұған теміржол мен кедендік мәліметтердің интеграциясы септігін тигізген. Қазір пойыздардың қозғалысы мен логистикалық тізбектерін нақты уақыт режимінде қадағалап отыру мүмкіндігі пайда болған.
Қазіргі уақытта «Қорғас» бекетінен әлемнің 18 еліндегі 46 қала мен аймақты қамтитын 90 маршрут өтеді.
Пойыздар күнделікті қолданыс тауарларын, автокөлік бөлшектерін, электроника өнімдерін, құрылыс материалдары мен ірі көлемдегі техникалық жабдықтарды қосқанда 200-ге жуық түрлі тауар тасымалдайды.