Орта Азия елдерінің басшылары Доналд Трамппен өтетін кезектен тыс саммитке қызу дайындық үстінде. Қарашаның 6-сына жоспарланған кездесуде Уашингтонның аймақтағы ұзақмерзімді жобалары сөз болады деп жазады Ertenmedia.
Eurasianet-тің мәліметінше Астана мен Тәшкент бірнеше ай бойы Трампты С5+1 форматын Орта Азияда өткізуге көндірмек болған. «Аймаққа аяқ басқан Әміриканың алғашқы президенті боласыз» деген уәж айтылған.
Алайда қыңыр мінезді Ақ үй басшысы мұндай аргументке иланбаса керек, сөйтіп саммитті Уашингтонда өткізуді құп көрген.
Трамп әкімшілігі Орта Азиямен қарым-қатынаста минералды ресурстар мәселесіне басымдық беріп отыр. АҚШ-тың екі жоғары дәрежелі дипломаты, Орта Азия бойынша арнайы өкіл Сержио Гор мен Мемхатшының орынбасары Кристопер Ландау 26-30 қазан аралығында Қазақстан мен Өзбекстанда болып, жабық есік жағдайында келіссөз өткізеді.
МемДеп-тің мәлімдеуінше, сапардың негізгі мақсаты аймақтағы сауда байланысын кеңейту және «C5+1» платформасының 10 жылдығын атап өту. Кездесуде Уашингтондағы саммиттің күн тәртібі де нақтыланады.
Астана мен Тәшкент геосаяси және сауда мүмкіндігін әртараптандыру үшін АҚШ-пен сирек кездесетін металды барлау, өндіру, өңдеу және экспорттау саласында әріптестікті кеңейтуге мүдделі. Уашингтон бұған бірнеше рет қызығушылық білдіргенмен, әзірге нақты әрекетке бара қойған жоқ. Аймақ елдері саммит нәтижесінде әмірикалық корпорациялардың нақты инвестміндет алуға дайын екенін көргісі келеді.
Белгілі болғандай Ақ үй Қазақстандағы ірі вольфрам кен орындарын игеруге қатысты әмірикалық бизнестің бастамасына қолдау білдірген. Тоқаев пен Мирзияев тандемі мұндай жобалардың санын арттыра түсуге ынталы.
Саммит барысында аймақ елдері Ақ үйден экономиканың түрлі саласында қолданатын технология трансфертін тездету үшін экспорттық лицензия беру жүйесін оңтайландыруды өтініп сұрамақшы.
Ақорда осынау саммит нәтижесінде Трамп әкімшілігі атышулы Жексон-Веник түзетуін жойып, елімізге «тұрақты сауда партнері» деген статус береді деп сенеді. Түнеукүні Конгреске бас сұғып қайтқан вице-премьер Жұманғарин: «Жексон-Веникті жою Трамп әкімшілігі үшін «тарихи жетістік» болады» деген еді.
Астана мен Тәшкент АҚШ-тың мәдени-ағарту жобаларынан бас тартпайтынын мәлімдеп отыр. Саммиттің тағы бір маңызды тақырыбы су мәселесі болмақ.
Тоқаев Трамптың назарын күн сайын тайыздап жатқан Каспийге аудармақшы. Теңіз деңгейінің төмендеуі Әмірика қолдайтын «Орта дәліз» маршрутының дамуына кедергі келтіруде. Теңіз арқылы жүк тасымалдайтын кемелер Ақтау портына жетуде қиындыққа тап болуда.
Түйіндей айтқанда, Уашингтон саммиті АҚШ пен Орта Азия арасындағы байланысты тың форматқа көтеріп, Кремль көсемін түн ұйқысынан айыратын фактор болғалы тұр.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Капитолийден жеткен құттықтау: Республика күніне жасалған ерекше ишара

