Франция барлау қызметі Орта Азияға назар аударып, Мәскеудің аймақтағы ықпалын азайтуға әрекет етуде деп хабарлайды Ertenmedia.
Украинадағы соғыс басталғалы Франция Ресеймен іргелес елдермен байланысын нығайтып, барлау және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты күшейтіп жатыр. Intelligenceonline-ның дерегінше француз барлаушылары Орта Азия, соның ішінде Қазақстан мен Моңғолияға екпін беріп отыр.
Әзірге аймақ елдері Ресей мен Қытайдың ортасында қысылып, сыртқы саясатта еркін көсіле алмауда. Париж стратегиялық әріптестікке қолайлы деп бірінші кезекте Астананы қарастырып отыр екен.
4 қыркүйекте француздың қорғаныс саласындағы беделді IHEDN институтының делегациясы елордаға арнайы келіп, стратегиялық әріптестікті тереңдету жолын талқылап кеткен.
Қазақстан мен Франция арасындағы тығыз ынтымақтастық сонау 2009 жылы басталған. Сол кезде біздің ел Airbus компаниясынан екі жерсерік сатып алып, бейнелік барлау саласындағы серіктестік орнаған. Бүгінде бұл байланыс шекара қауіпсіздігі мен уран өндірісі саласындағы ортақ мүддеге негізделіп, өзекті болып отыр.
Байқоңыр ғарыш айлағына қатысты дау екі елдің қарым-қатынасын одан әрі нығайта түсуі мүмкін.
Қазақстан Байқоңырдың бір бөлігін бақылауға алуға тырысса, Кремль 2028 жылы ғарыш кешенін Сібірдегі «Восточныйға» көшіреміз деп ескертіп, жыл сайынғы жүздеген миллион доллар төлемақыны өзімен бірге әкетпек.
Осындай жағдайда Астана батыстық New Space немесе Қытай тәрізді жаңа серіктестерді шақыруға мүдделі болуы ықтимал.
Француз барлаушылары көршілес Моңғолиямен де серіктестікті нығайтуда.
Францияның әскери барлау қызметі (DRM) 2019 жылы Моңғолияның Жалпы барлау агенттігімен (GIA) ынтымақтастық туралы маңызды келісім жасаған. Нәтижесінде Ұлан-Баторда екі елге ортақ пайдаланатын заманауи техникалық бақылау жүйесі орнатылған.
Моңғолия соңғы жылдары Батыспен, әсіресе АҚШ-пен қарым-қатынасын нығайту үстінде. Бұған АҚШ мемлекеттік хатшысы Ентони Блинкеннің 2024 жылғы жазда Ұлан-Баторға жасаған сапары дәлел бола алады.
Париж үшін Моңғолияның сирек кездесетін металы мен уран кеніштері қызықты болып отыр. Осы бағытта Франция президенті Еммануэль Макрон 2023 жылы мамырда Моңғолияға арнайы сапармен барып, кейін сол жылдың қазанында моңғол президенті Ухнаагийн Хурэлсух Парижді аралап қайтқан еді.
«Мәскеу мен Бейжіңдегі контр-барлау қызметінің әсіре белсенділігі Францияның DGSE (сыртқы барлау қызметі) мен DRM қызметін Орта Азия сияқты аралық аймақтар арқылы жұмыс істеуге мәжбүрлеп отыр. Аймақта жұмыс істеудің тәуекелі аз, ал алынған ақпараттың сапасы жоғары болуы мүмкін», — дейді осы тұста Intelligenceonline.