Астана қаласының мәслихаты жол қозғалысын ұйымдастырудың жаңа ережелерін бекітті. Бұл құжат көлік тұрағы, шлагбаум орнату және арнайы автотұрақтардың тәртібін реттейді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ереженің бір бөлігі 20 сәуірден, қалған талаптар 12 шілдеден бастап күшіне енеді.
Жаңа ереже бойынша арнайы белгіленген орындардан тыс жерлерге автокөліктерді қоюға тыйым салынады. Бұл салмағы 3,5 тоннадан асатын жүк көліктеріне (коммуналдық техниканы есептемегенде), электросамокат, электрвелосипед және шағын электр көліктеріне қатысты.
Жеке автотұрақтардың иелері тұрақты қала дизайн-кодына сәйкестендіріп, тәулік бойы төтенше және коммуналдық қызметтердің кіруін қамтамасыз етуге міндетті. Сонымен қатар мүгедектігі бар азаматтарға арнайы орын қарастыруы тиіс.
2026 жылғы 12 шілдеден бастап коммуналдық көше тұрақтары ақылы болады. Төлем мөлшерін әкімдік тарифтік аймаққа қарай белгілейді:
- сұраныс жоғары аймақтарда – 200 теңге;
- орташа сұраныс аймақтарында – 150 теңге;
- төмен сұраныс аймақтарында – 100 теңге.
Ал жабық коммуналдық автотұрақтардың бағасын әкімдік жеке анықтайды.
Бірқатар азаматтар санаты коммуналдық тұрақтарда ақы төлеуден босатылады
- Ұлы Отан соғысының, еңбек ардагерлері, басқа мемлекеттер аумағындағы соғысқа қатысушылар және ҰОС ардагерлеріне теңестірілген тұлғалар;
- бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедек баланың заңды өкілдері;
- «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған, бұрын «Батыр ана», І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденін алған көпбалалы аналар;
- Семей ядролық сынақ полигонында зардап шеккен азаматтар;
электромобиль иелері; - арнайы қызмет көліктері (арнайы белгімен).
Үй маңындағы автотұрақ тегін қалады бір пәтерге бір көліктен. Ол үшін Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығының сайтында өтініш беру қажет.
Сонымен қатар ережеде шлагбаумдарды орнату, көліктерді арнайы тұраққа эвакуациялау және қайтару тәртібі де нақты көрсетілген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







