Астанада «Таза Қазақстан» акциясы аясында кәсіпкерлерді қаланы абаттандыру мен көгалдандыруға тарту жұмысы жалғасты. Елордалық кәсіпкер өз нысанының маңына ағаш отырғызып, айналасын таза ұстауға жауапты екенін көрсетті, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Кезекті шара Жеңіс көшесінде орналасқан грузин мейрамханасының жанында өтті. Кәсіпкер Исадин Азаматов мейрамханаға іргелес аумаққа бірнеше ағаш көшетін отырғызды. Ол алдағы уақытта жасыл желекті күтіп-баптап, аумақтың тазалығы мен көркіне жауапкершілікпен қарайтынын айтты.
Акция кезінде кәсіпкерге нысанның айналасын күтіп ұстауға арналған маусымдық түбіртек-парақ табысталды. Құжатта аумақты уақытында тазалау, ағашты күту және тәртіпті сақтау жөніндегі негізгі ұсынымдар жазылған. Мұндай тәсіл кәсіпкердің жауапкершілігін бір күндік сенбілікпен шектемей, тұрақты міндетке айналдыруды көздейді.
«Мейрамханамыздың айналасын абаттандырып, ағаш көшеттерін отырғызып жатырмыз. Қала әкімдігі іргелес аумақты таза әрі көрікті ұстау жөнінде ұсыным берді. Барлық кәсіпкерді қаламыздың тазалығы мен көркеюіне бірге үлес қосуға шақырамыз», деді Исадин Азаматов.
Астана қаласының кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Шухрат Жораев қала келбетін жақсартуда бизнес өкілдерінің белсенділігі маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, кәсіпкер өз кәсібін дамытумен бірге нысаны орналасқан аумаққа да жанашырлық танытуы қажет. Күзгі ағаш отырғызу маусымы басталғандықтан, көгалдандыру жұмысы алдағы уақытта жалғасады.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында өзге кәсіпкерлер де экологиялық бастамаларға тартылады. Нысан маңындағы тазалық пен жасыл желек бүкіл қаланың келбетіне тікелей әсер етеді. Осындай шағын қадамдар Астананың таза, жасыл әрі жайлы шаһарға айналуына негіз қалайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







