Жаңа Конституция жобасы жалпыхалықтық талқыға ұсынылды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Осы жөнінде белгілі дінтанушы, қоғам қайраткері Қайрат Жолдыбай өз пікірін білдіріп, ұсынылған жобада президенттік биліктің күшейгенін нақты баптармен көрсеткен.
Қайрат Жолдыбайұлының пікірінше, ең алдымен алаңдататын мәселе Құрылтайдың таралу механизмі болып отыр. Жаңа жоба бойынша, егер Құрылтай Президент ұсынған вице-президентті, премьер-министрді немесе Конституциялық сот судьясын екі мәрте бекітпей қайтарса, Президент оны таратуға құқылы.
«Мұндай жағдайда депутаттарға қысым жасалып, дербес шешім қабылдауы мүмкін емес. «Келіспесем мандат қолдан кетеді, үйге қайтамын» деген үреймен отырады. Нәтижесінде Құрылтай бақылаушы емес, жай ғана бекітуші органға айналады», — дейді автор.
Одан да қауіптісі…
Сот жүйесінің тұтас президент бақылауына көшуі. Жаңа Конституцияда Конституциялық сот, Жоғарғы сот, Ұлттық банк, ҰҚК, Бас прокуратура және Орталық сайлау комиссиясының басшыларын т.т президенттің тікелей өзі тағайындайтыны көрсетілген.
Автор мұны бүтін биліктің бір адамның қолына шоғырлану деп бағалап, демократия принципіне қайшы келетінін ескерткен.
«Президенттің әрекеттеріне шектеу қойып, қадағалайтын басты органдар президенттің өзі тағайындаған адамдар», — дейді Қайрат Жолдыбай.
Сонымен қатар…
Президент өкілеттігін атқару барысында тек мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда ғана қылмыстық жауапқа тартылады. Ал жемқорлық пен қызметтік құқықбұзу, өкілетті асыра пайдаланғаны үшін ешқандай жаза қарастырылмаған.
Автордың айтуынша, бұл «заң алдында бәрі тең» деген қағиданы бұзады. Жаңа Ата заңның ең басты парадоксы да осы жерде.
«Мажоритарлық жүйені кілт тоқтатып, партиялық тізім арқылы сайлауға қайта ауысудың мақсаты түсінікті дейік. Осы арқылы ыңғайсыз тұлғалардың жолын жауып, депутаттыққа өткізбеуді көздеп отыр. Ал қалған өзгерістер билікке не үшін қажет болды?», — дейді ол.
Қайрат Жолдыбай Конституцияның 84 пайызы өзгергенімен, мемлекеттік тілдің мәртебесі өзгеріссіз қалғанына қынжылып отыр. Оның пікірінше, Ата заңда қазақ тілінің мәртебесі дараланбаса, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен ұлттық идеология жайлы сөз қозғаудың өзі далбаса әңгіме. Орыс тіліне берілген “мемтілмен қатар қолданылады” деген ресми мәртебе қазақ тілінің көсегесін көгертпейді.
Автор осыны ескеріп, мемлекеттік тіл мәселесін түбегейлі шешетін уақыт жетті деп санайды.
Бұған дейінгі Конституциялық комиссия жиынында сөз алған Тоқаевтың көмекшісі Ержан Жиенбаев вице-президенттің мисссиясына егжей-тегжейлі тоқталған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

