«Атамекендегі» ауыс-түйіс расталып жатыр. Райымбек Баталов қызметінен кетуі мүмкін екенін айтты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кәсіпкерлер палатасының тізгінін ұстағанына төрт жылға тақап қалған Баталов осы мерзімді «жеткілікті уақыт» деп отыр. Atameken Business арнасына берген сұхбатында ол қызметінде біршама уақыт отырып қалғанын меңзегендей болды.
«Алдағы жұма күні Ұлттық кәсіпкерлер палатасының съезі өтеді. Сол жерде нақты шешім қабылданады. Өз басым ротация болуы керек деп санаймын. Бұл мәселе съезде міндетті түрде көтеріледі», – деді ол.
Осыған дейін бірқатар аноним арналарда «Баталов қызметінен кетуі мүмкін, бұл ма, бұл шешілген мәселе» деген сарындағы ақпарат тараған.
Палатаның баспасөз қызметі әлгі мәлімдемені лезде теріске шығарып, ақпарат таратқан тұлғаларды жауапкершілікке тартатынын жеткізген. Дегенмен, палата жарғысы бойынша президиум төрағасының тағдырын съезд ғана шешетінін жоққа шығармаған болатын.
Контекст
Еске сала кетсек, былтыр күзде «Атамекенде» кадрлық дүмпулер болған еді.
Қыркүйектің аяғына таман Баталовтың төрт бірдей орынбасары Ербол Есенеев, Мұрат Әмрин, Тимур Нахыпбеков және Ербол Үстеміров бір күнде арыз жазып, орнын босатқан.
Баталов Ұлттық палатадағы қызметін 2022 жылдың ақпан айында бастаған. Оған дейін, 2013 жылдан 2022 жылға дейін басқарма төрағасы қызметін Абылай Мырзахметов, ал президиум төрағалығын Тимур Құлыбаев атқарған еді. Мырзахметов кейін жемқорлық дауына ілігіп, 2024 жылдың мамырында алаяқтық үшін кінәлі деп танылды. Ол 5 жылға сотталып, 5,8 млрд теңгенің активтері тәркіленген болатын.
Бұған дейін Баталов басқаратын палата өкілдерінің сюцай деп аталатын қауіпті ағымның жетегіне еріп кеткені хабарланған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

