Атырау облысында жоғалып кеткен отбасының ет жақындары соңғы аудиохабарлама туралы тың мәліметпен бөлісті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы журналист Жанат Молдашева өзінің әлемжелідегі парақшасында жазып, қаза тапқан Мақсот Қарабалиннің інісі Шалқар Мұқанғалиевпен болған әңгіменің үзіндісін ұсынды.
Шалқардың айтуынша, егде жастағы ерлі-зайыптының көз жұмған уақыты белгілі болса да, әулеттің ортақ чатына олардан ұдайы хабарлама келіп тұрған. Соның бірі 7 қараша күні марқұм Нәсіп Өтешқалиеваның атынан келген аудиожазба екен.
«Мұның жеңгеміздің ертеректе туыстарға жіберген ескі аудиосы екенін кеш білдік. Онда ол әдеттегідей «Қалдарың қалай? Бүгін жұма ғой, ниет қабыл болсын. Аман болыңдар, ауырмаңдар» деген лебізін білдірген.
Осындай аудиоларды Нәсип үнемі жіберетін. 7 қараша дәл осындай аудионы ортақ чатқа жолдаған, бірақ ол кезде екеуі де тірі емес еді. Ол кезде біздің көңілде де күдік жоқ-тын.
Демек телефондар күйеубаланың, Сұлтанның қолында болып, ағайын-туысты алдау үшін бұрынғы жазбаларды әдейі жолдаған деп топшылаймыз», – дейді Шалқар Мұқанғалиев.
Туыстары чаттағы хат-хабар марқұмдардың атынан ғана емес, олардың жоғалған ұлы Наурыздың атынан да жолданғанын айтады. Содан болар әулеттің жақындары әуелде полицияға жүгінуге асықпаған. Себебі Наурыз анасының төсек тартып қалғанын, сол үшін қорадағы малды сатуға мәжбүр екенін айтып, хат-хабар алмасқан.
Полиция не дейді?
Атырау облыстық полиция департаменті осы оқиға бойынша тергеу шарасы жалғасып жатқанын айтты. «Ешбір нұсқаны елеусіз қалдырмаймыз», — дейді полицейлер. Құқық қорғаушылардың дерегінше, хабар-ошарсыз кеткен отбасының кенже қызы әлі табылған жоқ.
Бұған дейін Бас прокуратура қайын атасы мен енесін өлтірді деген күдікпен Сұлтан Сәрсемәлиевке іздеу жариялаған болатын (суреті төменде).

Еске сала кетейік, Жангелдин ауылының тұрғындары Мақсот Қарабалин, зайыбы Нәсіп Өтешқалиева және балалары Мирагүл мен Наурыз өткен жылдың қазан айынан бастап, ізім-ғайым жоғалған. Туыстары отбасының ешқандай ескертусіз, кенеттен «ғайып» болып кеткенін айтып, дабыл қаққан еді.
Ertenmedia тілшісі із-түссіз жоғалып кеткен Жангелдин ауылының төрт тұрғыны туралы егжей-тегжейлі жазған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

