Атырауда облыстық ардагерлер кеңесінің VI пленумы өтіп, онда Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауынан кейінгі міндеттер қаралды, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында облыс әкімі Серік Шәпкенов жасанды интеллектіні дамытудың стратегиялық маңызына тоқталды.
– Жасанды интеллектіні дамыту – бұл тек технологиялық үдеріс емес, экономиканы жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық бағыт. Әлемдік тәжірибе оның түрлі саладағы тиімділігін дәлелдеді. Сондықтан жаңа технологияларды өңірдің даму басымдығына айналдыру – біздің негізгі міндетіміз, – деді С.Шәпкенов.

Пленумда өңірдегі цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды.
Қазір облыста геопортал әзірленіп, оның аясында 53 мыңнан астам электронды қызмет көрсетілген. Бұл жүйе жер қатынастары мен инженерлік инфрақұрылым салаларындағы ашықтық пен тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар «Target-E» компаниясымен бірлесіп, жасанды интеллектке негізделген бейнеаналитика жүйесі іске қосылған. Аталған жүйе қалада орнатылған 75 AI камерасының деректері арқылы талдау жүргізеді. Жалпы облыс аумағында 61 мыңнан астам бейнебақылау құрылғысы жұмыс істейді.

Бұдан бөлек, денсаулық сақтау саласында радиологиялық жасанды интеллект жүйесі енгізілді. Ол онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауға және өкпе мен сүт безі обырын 1 миллиметр шамасынан бастап көруге мүмкіндік береді. Жаңа жүйе «PACS» платформасымен біріктіріліп 20 медициналық мекемеде іске қосылған. Нәтижесінде диагностика сапасы жаңа деңгейге көтерілді.
Пленум соңында аймақ басшысы Серік Шәпкенов облыстың дамуына және жастарды тәрбиелеуге елеулі үлес қосқан ардагерлерге Алғыс хат табыстады.