Байқоңырда «Союз МС-28» кемесін ұшыру кезінде №31 старт алаңында техникалық апат болды. Ұшу өзі штаттық режимде өтіп, зымыран орбитаға шығып, ғарыш кемесі Халықаралық ғарыш станциясына сәтті түйісті, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алайда әдеттегі тексеріс кезінде старт платформасының кей бөліктері зақымданғаны анықталды. Газ шығатын лотоктың ішінен ауыр металл конструкция табылған. Алғашында кей ақпарат көздері құлаған мачта туралы жазды, бірақ кейін бұл нұсқа расталмады.
Болжам бойынша, зымыран қозғалтқышының газ ағыны старт платформаға жақын орналасқан қозғалатын кабинаға қызмет кересетін құрылғы зақымдаған болуы мүмкін.
Құрылғы ұшыру алдында ракетаға жақын барып, жабдықты тексеруге қолданылады. Ал стартқа бірнеше минут қалғанда қауіпсіз орынға қайтып, бекітілуі тиіс. Алдын ала мәлімет бойынша, сол кабина қорғалған қалыпқа толық бекімеген, соның салдарынан реактивті газ ағыны конструкцияны жұлып, котлованға лақтырып жіберген.
№31 алаң «Союз» зымырандары үшін негізгі және қазіргі таңда жалғыз жұмыс істейтін старт кешені саналады. Бұл алаң 1961 жылдан бері қолданылып келеді, шамамен 500-ге жуық ұшыру осы жерде жасалған.
2018 жылдан бастап Ресейдің ХҒС-ке байланысты пилотты бағдарламасының барлығы дерлік осы стартқа байлаған болатын.
Сондықтан мұндай зақым пилотты рейстердің кестесіне тікелей әсер етуі мүмкін. «Гагариндік старт» №1 алаң Қазақстанға музей ретінде берілген, ол бұрыннан бері терең жаңғыртуды қажет еткен еді.
Оны қайта құру жөніндегі жобалар, соның ішінде БАӘ-мен келіссөздер алға жылжымады. Ал Восточный космодромындағы инфрақұрылым бастапқыда пилотты ұшуларға есептелмеген, оны бейімдеу үшін қауіпсіздік жүйелерін, жедел құтқару және техникалық шешімдерді қайта қарау керек.
Роскосмос ресми түсініктемесінде жағдайды қатты ушықтырмай отыр. Ведомство зымыран штаттық режимде ұшқанын, кеме станцияға аман жеткенін, экипаждың өзін жақсы сезінетінін айтып, әр ұшырудан кейін старт алаңын қарау әлемдік тәжірибедегі міндетті рәсім екенін еске салды.
Тексеру кезінде старт платформасының бірқатар элементтерінде зақым анықталған.
Мемкорпорация өкілдері резервтік бөлшектер бар екенін, құрама тораптарды қалпына келтіру жөніндегі жоспар дайындалып жатқанын айтты. Қазір мамандар зақымның нақты көлемін, оның келесі ұшыруларға қаншлықты дайын болатынын бағалап жатыр.
Егер жөндеу жұмыстары дер кезінде және сапалы жүргізілсе, «Союз» кемелерінің ұшу кестесі тек аз уақытқа ғана түзетілуі мүмкін. Ал егер тексеріс кезінде қосымша ақаулар анықталса, №31 старт кешенін ұзақ мерзімге тоқтатып, басқа площадкаларды қайта жабдықтау мәселесі күн тәртібіне шығуы ықтимал.
Қалай болғанда да, Байқоңырдағы соңғы апат техникалық тәртіп пен бақылаудың маңызын, ескі инфрақұрылымды жаңартпай, «кеңестік запас» есебінен жүре беру қаншалықты қауіпті екенін айқын көрсетті.

